Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Тоқаев қазақстандықтарды Құрылтай сайлауына белсенді қатысуға шақырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы Құрылтай сайлауы Қазақстанның саяси дамуындағы маңызды кезең екенін атап өтіп, азаматтарды, әсіресе жастарды өз таңдауын жасауға шақырды. Мемлекет басшысы сайлаудың ел болашағы үшін маңызын айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрылтай сайлауы қарсаңында үндеу жолдады. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Құрметті отандастар!

Алдағы жексенбіде елімізде жаңа бірпалаталы Құрылтайдың алғашқы сайлауы өтеді. Бұл – Қазақстанның саяси дамуындағы маңызды әрі тарихи кезең.

Соңғы жылдары елімізде ауқымды реформалар жүзеге асып, мемлекеттік даму бағыты жаңарды. Бірлік пен қоғамдық келісімнің арқасында Әділетті Қазақстанды құру жолында елеулі нәтижелерге қол жеткіздік. Дегенмен алда атқарылатын жұмыс әлі де көп.

Құрылтай сайлауы жаңа реформаларға жол ашып, Қазақстанның дамуында жаңа кезеңнің басталуына негіз болады.

Сайлау науқаны ашықтық, бәсекелестік және пікір алуандығы жағдайында өтті. Партиялар өз бағдарламаларын сайлаушылармен кездесулерде, теледебаттарда, ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде таныстырып, елдің болашағына қатысты көзқарастарын ортаға салды.

Осы кезеңде азаматтар саяси ұйымдардың экономика, әлеуметтік сала, мәдениет және басқа да бағыттар бойынша ұсыныстарымен танысып, олардың ұстанымдарын саралауға мүмкіндік алды.

Сайлауалды науқан қоғамдағы саяси күн тәртібінің өзгергенін көрсетті. Қоғамдық пікірталасқа жастар, кәсіпкерлер, кәсіби қауымдастық өкілдері мен жаңа тұлғалар белсенді араласты. Бұл еліміздегі саяси жаңғырудың маңызды көрінісі.

Халқымыздың саяси мәдениеті артып, азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысуға деген қызығушылығы күшейіп келеді. Бұл – жүргізіліп жатқан реформалардың нақты нәтижелерінің бірі.

Сайлау үдерісі отандық және халықаралық байқаушылардың назарында болды. Олар дауыс беру күні де сайлау учаскелеріндегі жұмыстарды бақылайды.

Біз заң мен тәртіп үстемдік ететін, халықтың пікіріне құлақ асатын, саяси және қоғамдық институттары тиімді жұмыс істейтін мемлекет құруды жалғастырамыз.

Жалпыхалықтық дауыс беру нәтижесінде Құрылтай құрамына кәсіби білімі бар, ел болашағына жауапкершілікпен қарайтын азаматтар сайланады деп сенемін. Құрылтай түрлі көзқарастар мен ұлттық мүдделер тоғысатын ортақ алаңға айналуы керек.

Қазіргі геосаяси жағдай күрделеніп, жаһандық сын-қатерлер артып отырған кезде Қазақстан өз даму бағытын сақтап, алға ұмтылуы қажет. Елді әлемдегі озық мемлекеттердің қатарына қосу үшін ұлттық стратегиямызды жүйелі түрде жүзеге асыруымыз керек.

Алдағы жексенбі ел тағдыры үшін маңызды бетбұрыс болмақ. Қазақстан тарихындағы жаңа кезеңге қадам басатын сәтте әр азаматтың дауысы маңызды.

Еліміздің болашағы әрқайсымыздың саналы таңдауымызға байланысты. Сайлауға қатысу – өз еркін білдірумен қатар, ел тағдырына жауапкершілікпен қараудың көрінісі.

Қазақта «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген жақсы сөз бар. Сондықтан барша азаматтарды, әсіресе жастарды сайлауға белсенді қатысып, өз таңдауын жасауға шақырамын.

Әрбір дауыс Қазақстанның одан әрі дамуына, ел бірлігі мен мемлекеттілігіміздің нығаюына үлес қосады.

Баршаңызға амандық пен табыс тілеймін!

Отанымыз – Қазақстан Республикасы жасасын!

Ұқсас Мақалалар

Back to top button