Мәжіліс ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салатын заңды мақұлдағаннан кейін белсенді Жанар Серкебаева Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевқа үндеу жасады, деп хабарлайды qandastar.kz
«Біз Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевқа және Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдаймыз. Парламент Мәжілісі қабылдаған тоғыз заңдағы біздің құқығымызды шектейтін, БАҚ-та өзімізді көрсетіп, кім екенімізді ашық айтуға тыйым салатын, Конституцияға қайшы кемсітушілік сипаттағы түзетулерді тоқтатуыңызды сұраймыз. Бұл заң жобалары мен түзетулер Қазақстан қол қойған көптеген халықаралық конвенцияларға қарамастан, біздің адам құқықтарымызды толықтай жоққа шығарады», – деді белсенді.
Ол сондай-ақ теңдікке кепілдік беретін Конституцияның 14-бабын еске салды.
«Құрметті Сенат төрағасы мен Президенттің заңдылықты, тәртіпті және әділдікті бейнелейтініне әлі де сенеміз. Сіздерде бұл кемсітушілік түзетулерді тоқтатуға уақыт та, өкілеттік те бар. Бұл түзетулерге тек менің өмірім ғана емес, көптеген азаматтардың, жасөспірімдердің және бүкіл халықтың өмірі байланысты. Біз әрбір өмір құнды саналатын еркін, құқықтық, зайырлы және әлеуметтік мемлекетте өмір сүргіміз келеді», – деп қосты ол.



