Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа сайланған Құрылтай алдында Үкімет өз өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Ақордаға сілтеп хабарлады.
Мемлекет басшысының айтуынша, Құрылтайдың құрылымы толық жасақталғаннан кейін ол депутаттардың қарауына Вице-Президент пен Премьер-Министр лауазымдарына кандидатураларды ұсынады.
Одан кейін Президент Құрылтаймен кеңесе отырып, Үкіметтің жаңа құрамын жасақтайтынын айтты. Сонымен қатар Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары деген жаңа лауазым енгізіліп, оған тиісті тағайындау жасалмақ.
Тоқаев Құрылтай мен Үкіметтің құрамы толық анықталған соң Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы Жолдауын жариялайтынын атап өтті.
Президент Жолдауда айтылған бастамаларды атқарушы және заң шығарушы билік өкілдері бірлесіп, уақытылы әрі сапалы іске асыруы қажет екенін айтты.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы барлық лауазымды тұлға, әсіресе жаңа қызметке кірісетін азаматтар ел алдында тұрған негізгі мақсаттар мен міндеттерді нақты білуі тиіс екенін атап өтті.



