Әлеумет және қоғамБасты жаңалықтарЖаңалықтар

Тоқаев: Құрылтай сайлауы – ұлт тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға үндеу жасап, алдағы жексенбіде өтетін жаңа бірпалаталы Құрылтай сайлауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Президент бұл сайлауды ел тағдырына тікелей ықпал ететін тарихи оқиға деп бағалады. Оның айтуынша, соңғы жылдары жүзеге асқан реформалар Қазақстанның даму бағытын өзгертті. Ендігі міндет – осы өзгерістерді жалғастырып, елдің одан әрі дамуына жағдай жасау.

Тоқаев Құрылтай сайлауына дайындықтың алдын ала басталғанын атап өтті. Соның арқасында сайлауалды науқан ашық әрі бәсекелі форматта өткенін айтты.

Партиялар өз бағдарламаларын халықпен кездесулерде, теледебаттарда және әлеуметтік желілердегі пікірталастарда таныстырды. Сайлаушылар саяси ұйымдардың экономика, әлеуметтік сала, мәдениет және басқа да бағыттар бойынша ұсыныстарын салыстыруға мүмкіндік алды.

Президенттің сөзінше, науқан барысында жаңа тұлғалар танылып, тың ұсыныстар айтылды. Қоғамдық пікірталастарға жастар, кәсіпкерлер мен кәсіби қауымдастық өкілдері де белсенді араласқан.

«Жалпы, халқымыздың саяси мәдениеті артып, жұртымыз мемлекеттік басқару ісіне атсалыса бастады», – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев сайлау науқанына отандық және халықаралық байқаушылардың да жіті назар аударғанын атап өтті. Олар дауыс беру күні сайлау учаскелеріндегі процесті бақылайды.

Мемлекет басшысы Қазақстанда «Заң мен Тәртіп» қағидаты орныққан, халықтың үні ескерілетін және саяси-қоғамдық институттары тиімді жұмыс істейтін мемлекет қалыптастыру бағыты жалғасатынын айтты.

Back to top button