Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың алғашқы сессиясында депутаттар атқаруы тиіс бірқатар маңызды міндетке тоқталды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Ақорда порталны сілтеп хабарлады.
Мемлекет басшысының сөзінше, жаңа конституциялық жүйеге көшу кезеңінде бұрынғы Парламент мемлекеттік билік институттарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін бірқатар маңызды заңды қабылдаған. Енді қолданыстағы заңнаманы жан-жақты саралап, оның Конституция қағидаттарына сәйкес келуін қамтамасыз ету қажет.
Президент Ұлттық құрылтайдың заң шығару үдерісіндегі рөлін күшейтуге де тоқталды. Оның айтуынша, заңдардың сапасы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету маңызды.
«Бұған дейін Сенат Мәжіліс қабылдаған заңдардың Конституцияға сәйкестігін, құқықтық тұрғыдан дұрыстығын және құқықтық нормалардың өзара үйлесімділігін тексеріп отырды. Бұл жұмысты жандандыру қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Құрылтайдың алғашқы сессиясында депутаттар қабылдауы тиіс бірқатар маңызды заңға тоқталды. Атап айтқанда, жасанды интеллектіні орта білім беру саласына енгізу, цифрлық активтер индустриясын дамыту және Digital Qazaqstan стратегиясын іске асыруға бағытталған заң жобаларын әзірлеу қажет.
Тоқаев бұл бағыттар бойынша Үкімет тиісті заң жобаларын дайындап, Құрылтайдың қарауына ұсынатынын айтты.
Бұдан бөлек, Президент елге жоғары білікті мамандарды, заманауи технологиялар мен шетел капиталын тарту үшін «Алтын визаны» енгізудің маңызын атап өтті.
Мемлекет басшысы көші-қон саясатын жетілдіру қажеттігін де айтты. Үкіметке осы бағыттағы заң жобасын Құрылтайға ұсыну тапсырылды. Депутаттарға құжатты жедел қарау ұсынылды.
Сондай-ақ биыл «Кітапхана және баспа ісі туралы» заң жобасын әзірлеп, Құрылтайға енгізу жоспарланып отыр. Президент бұл заң жобасы елдің зияткерлік әлеуетін нығайту үшін маңызды екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет саласына қатысты бастамаларға да тоқталды. Оның айтуынша, «Шәмші Қалдаяқов» медалін және «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізу жөніндегі тапсырма берілген.
Аталған марапаттар музыка мен бейнелеу өнерін дамытуға және ұлттық мәдениетке елеулі үлес қосқан азаматтарға берілмек. Енді бұл бастамалардың заңнамалық негізін қалыптастыру қажет.



