Turkistan газетіне берген көлемді сұхбатында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Владимир Путин арасындағы кездесулерге қатысты пікір сұралды, деп хабарлайды Qandastar.kz ақпарат порталы.
Мемлекет басшысының айтуынша, мұндай кездесулер тұрақты түрде өткенімен, бейресми сипатқа ие. Бұл жайтты Ресей президентінің өзі де бірнеше рет атап өткен.
«Жуырда Санкт-Петербургтегі кездесуде Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевты оның өтініші бойынша қабылдағанын айтты. Ресей президентіне достары мен әріптестеріне деген ізгі қарым-қатынас тән. Жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан, сенбі күні Қазақстанның Тұңғыш Президентімен асықпай әңгімелесуге уақыт тапты. Ол Нұрсұлтан Назарбаевты еуразиялық интеграцияның бастауында тұрған тәжірибелі саясаткер ретінде жоғары бағалайды, бұл процесте Ресей жетекші рөл атқарып келеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, аталған кездесу Владимир Путиннің жоғары адами қасиеттерін көрсетеді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы мұндай әңгімелердің мазмұнына қызығушылық танытпайтынын, бұл жөнінде ешқашан сұрақ қоймайтынын атап өтті.
«Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғасына келсек, мен оны қазіргі қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаушы ретінде бірнеше рет атап өттім. Мемлекеттік институттарды қалыптастырудағы, нарықтық экономиканы дамытудағы, жаңа астананы салудағы еңбегі айқын. Біз Қазақстанды Әділет, Заң және Тәртіп үстемдік ететін мемлекетке айналдырғымыз келеді. Сондықтан әр азаматтың еңбегі әділ бағалануы тиіс. Бұл қағида еліміздің Тұңғыш Президентіне де қатысты», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.



