Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге жұмыс сапарымен келген Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинді қабылдады. Кездесу барысында Қазақстан мен Ресей арасындағы одақтастық қатынастардың нығайып келе жатқаны атап өтілді.
Мемлекет басшысы екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі диалогтың қарқын алғанын айтып, бұған дейін қол жеткізілген келісімдердің жүйелі түрде іске асып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ Михаил Мишустиннің Шымкентте өтетін Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысына және цифрлық форумға қатысуы өзара байланыстардың маңызын көрсететіні айтылды.
Президенттің сөзінше, Қазақстан мен Ресей арасындағы экономикалық ынтымақтастық тұрақты дамып келеді. Қазіргі таңда жалпы құны 25 миллиард долларға жуық 120-дан астам ірі жоба жүзеге асырылған. Ал екіжақты сауда айналымы 30 миллиард долларға жақындаған.
Кездесу барысында Ресей Президенті Владимир Путиннің Қазақстанға жоспарланған мемлекеттік сапарына дайындық мәселелері де талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапарды екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытуға серпін беретін маңызды оқиға ретінде бағалады.
Өз кезегінде Михаил Мишустин көрсетілген қонақжайлық үшін алғыс айтып, Қазақстандағы реформаларға жоғары баға берді. Сонымен қатар ол Владимир Путиннің ыстық ықыласын жеткізіп, алдағы сапардың табысты өтуіне Ресей Үкіметі жан-жақты қолдау көрсететінін мәлімдеді.
Тараптар кездесу соңында екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
24.kz мәліметіне сілтеме жасаған Qandastar.kz сайты хабарды жариялады.
