Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 26 тамызда Республикалық тамыз конференциясының пленарлық отырысында сөз сөйледі. Президент педагогтерді дәстүрлі жиынның ашылуымен құттықтап, мұғалім еңбегінің қоғам үшін маңызын атап өтті. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Ақордаға сілтеп хабарлады.
Тоқаевтың айтуынша, биылғы конференция «Адам капиталы, білім және прогресс – Халық Конституциясының басты құндылықтары» тақырыбына арналды. Форумға Қазақстанның барлық өңірінен үздік педагогтер шақырылған.
Президент білімді, ойлайтын, прогрессивті және патриот жастарды тәрбиелеуде ұстаздардың рөлі ерекше екенін айтты. Оның пікірінше, мұғалімі құрметке ие болған елдің болашағы да жарқын болады.
Мемлекет басшысы биылғы конференция елдегі ауқымды реформалар кезеңінде өтіп жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, наурыз айындағы жалпыхалықтық референдумнан кейін қабылданған жаңа Халық Конституциясы 1 шілдеден бастап күшіне енді. Негізгі заңда білім беру саласына ерекше мән беріліп, адами капиталды, білімді, ғылым мен инновацияны дамыту стратегиялық бағыт ретінде бекітілген.
Тоқаев бұдан бөлек, 23 тамызда өткен Құрылтай депутаттарының сайлауына тоқталды. Президент сайлау процесіне жасанды интеллект технологиялары енгізілгенін айтып, бұл жұмыс сапасын арттыруға мүмкіндік бергенін жеткізді.
25 тамызда Орталық сайлау комиссиясы сайлау қорытындысын жариялаған болатын. Сайлау нәтижесінде бес партия бес пайыздық межеден өтті.
Президент 26 тамызда Құрылтайдың алғашқы сессиясын шақыру туралы жарлыққа қол қойғанын мәлімдеді. Құжатқа сәйкес, Құрылтайдың бірінші шақырылымының алғашқы сессиясы 28 тамыз күні сағат 11:00-де Астанада өтеді.
Мемлекет басшысы осы уақытқа дейін Құрылтайға өткен партиялар депутаттарының тізімін қалыптастыруы қажет екенін айтты.



