Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Тоқаев цифрландырудың баяу жүріп жатқанын сынады

Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Digital Qazaqstan жобасының жүзеге асырылуына арналған жұмыс кеңесі өтті.

Президент цифрлық реформалардың қарқынына қатысты бірқатар мәселені атап өтіп, жұмыстың баяу жүріп жатқанын сынға алды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Мемлекет басшысы мемлекеттік аппаратты цифрландыруды жеделдету қажеттігін айтты. Оның сөзінше, қазір мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн форматқа көшірілгенімен, ведомствоаралық ақпарат жүйелері толық біріктірілмеген.

«Мемлекеттік аппарат қызметін цифрландыруды жеделдету қажет. Қазіргі кезде мемлекеттік қызметтің 90 пайыздан астамы онлайн форматқа ауыстырылған. Ведомствоаралық ақпарат жүйелері біріздендірілген үдеріске кіріктірілмеген. Жеделдік пен сапа барлық кезеңде басымдыққа айналуға тиіс. Адамдарды жүгіртіп, әуре-сарсаңға салмай, деректерді барынша қолжетімді еткен жөн», – деді Президент.

Тоқаевтың айтуынша, Digital Qazaqstan стратегиясы қағазбастылықтан арылып, мемлекеттік органдардағы ішкі процестерді түбегейлі өзгертуге бағытталуы тиіс.

«Цифрландыру мен бюрократия от пен су сияқты бір-біріне кереғар құбылыстар. Біз заманауи технологияларды ескірген бюрократияның тар шеңберіне қамауға тырыспай, жаңаша жұмыс істеп үйренуіміз керек», – деді Мемлекет басшысы.

Президент заманауи цифрлық мемлекет жасанды интеллектіге бейімделіп, үлкен деректер қорын тиімді пайдалануы қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар ол Қазақстандағы цифрлық даму қарқынына алаңдаушылық білдірді.

«Жасанды интеллект туралы жаңалықтарды үнемі оқып отырамын. Технологияның қарқынды дамып келе жатқаны соншалық, Қазақстанның цифрлық келешегіне алаңдай бастайсың. Меніңше, процесс өте баяу жүріп жатыр», – деді Тоқаев.

Кеңес қорытындысында Президент Үкіметке мемлекеттік аппаратты түбегейлі трансформациялау міндетін жүктеді. Бұл жұмысты үйлестіру Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне тапсырылды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы ведомство жыл соңына дейін азаматтармен, бизнеспен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылдың жаңа форматына бірінші болып көшіп, өзгелерге үлгі көрсетуі тиіс екенін айтты. Президент AI-Sana бағдарламасын әрі қарай дамытып, нақты нәтижелерге қол жеткізуді тапсырды.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button