Жаңалықтар

Тоқаев: Уранды талан-таражға салуға жол берілмейді

Фото: ашық дереккөз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында сөйлеген сөзінде атом энергетикасын дамыту мәселесіне ерекше назар аударды. Ол Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын салу жұмыстары басталғанын атап өтті және бұл үдерісте еліміздің ұлттық мүддесі әрдайым басты назарда болуы керектігін қадап айтты, деп жазды qandastar.kz

Президенттің айтуынша, жобаны халықаралық консорциум жүзеге асырады, оның жетекшілігін Ресейдің «Росатом» компаниясы атқарады. Келіссөздер жүргізу барысында әділеттілік пен тиімділік қағидаттары қатаң сақталуы тиіс. Табиғи байлығымыз – уранды бейберекет пайдалану жол берілмейтін мәселе екенін айтты.

Тоқаев бұл ойларын ғылыми қауымдастықтың алдында ашық айтып, атом энергетикасының болашағына қатысты нақты бағыт-бағдар ұсынды. Ол бір ғана станциямен шектеліп қалмай, екінші және үшінші атом электр станцияларын да қазірден бастап жоспарлаудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ, Қытай Халық Республикасының төрағасымен өткен кездесуде де бейбіт атом саласындағы әріптестікті нығайту жөнінде келісімдер жасалғанын айтты. Қытай алдағы 15 жылда 76 жаңа ядролық реактор іске қосатынын еске салып, бұл елдің саладағы жетекші орынға ие екенін жеткізді.

Президент елімізде атом энергетикасын дамыту үшін қажетті стратегиялық ресурстардың жеткілікті екенін де тілге тиек етті. Қазақстан сирек кездесетін металдарға бай, уран өндірісінен әлем бойынша көш бастап тұр. Дүниежүзіндегі уран қорының 40 пайызы қазақ жерінде орналасқан. Осы артықшылықтарды тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті. Оның пікірінше, атом электр станциясы іске қосылғаннан кейін уранның ел экономикасындағы орны түбегейлі өзгереді — енді бұл шикізат ішкі нарықтың қажеттілігін өтеуге де бағытталады.

Президент отандық ғылым мен технология саласына да ерекше тоқталды. Ол әйгілі академик Қаныш Сәтбаевтың бастамасымен 1957 жылы Алматыда Ядролық физика институтының ашылғанын еске салып, сол кезден бастап елімізде осы бағытта ауқымды ғылыми-техникалық база қалыптасқанын айтты. Астана, Алматы және Курчатов қалаларында заманауи зерттеу қондырғылары жұмыс істейді, онда отандық және шетелдік ғалымдар бірлесіп зерттеу жүргізуде.

Соңғы жылдары Қазақстан ядролық отын өндірісіндегі өңдеу көлемін арттырып келеді. Мәселен, 2021 жылы елімізде жылу бөлетін тораптар шығаратын зауыт іске қосылды. Енді атом электр станциясының құрылысы бұл өндірістік тізбекті толыққанды аяқтауға мүмкіндік береді. Бұл елімізді сыртқы нарыққа тәуелсіз, дербес атом энергетикасы саласы бар мемлекетке айналдыруға жол ашады.

Осы күрделі әрі стратегиялық маңызды бағытты жүзеге асыруда ғылыми қауымдастықтың рөлі айрықша екенін айтқан Тоқаев, ғалымдарға үлкен жауапкершілік жүктелетінін баса айтты.

Back to top button