БілімЖаңалықтар

Тоқаев ұстаздарға қандай жастарды тәрбиелеу керегін айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың республикалық тамыз конференциясының пленарлық отырысында жастар тәрбиесіне тоқталып, өскелең ұрпақтың бойында қандай қасиеттерді қалыптастыру керегін айтты, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Мемлекет басшысы адамның алға ұмтылысы мен өзіне деген сенімі оның болашағына тікелей әсер ететінін атап өтті. Осы орайда ол Абайдың «Адам баласының ең жаманы – талапсыз» деген сөзін мысалға келтірді.

«Өзіне сенімсіз, жасық, әр нәрсеге мұңая беретін, үнемі күйзелісте жүретін кертартпа адамның болашағы бұлыңғыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қазақ халқының қиындықтарға төтеп беріп, болашаққа сеніммен қарауға қабілетті екенін айтты. Оның пікірінше, өткендегі сәтсіздіктер үшін өзге елдер мен халықтарды кінәлау қазақ қоғамының болмысына жат.

«Қазақ – кез келген сын-қатерді еңсеруге дайын жұрт, келешегіне сеніммен қарап, алға қарай батыл қадам басатын нағыз жеңімпаз ұлт. Өткенге өкпе артып, тарихтағы сәтсіздіктер үшін басқа халықтар мен мемлекеттерді айыптау – болмысымызға мүлдем жат дүние», – деді Президент.

Мемлекет басшысы мұндай түсініктердің жас ұрпақтың дүниетанымына кері әсер етпеуі керегін айтып, бұл бағытта білім беру саласына үлкен жауапкершілік жүктелетінін атап өтті.

«Сондықтан ұстаздарымыз ең алдымен, ойы таза, ниеті түзу, жақсылыққа, жарқын болашаққа деген сенімі зор жігерлі азаматтарды тәрбиелеуге тиіс», – деді ол.

Тоқаевтың айтуынша, елдің дамуына үлес қосатын азаматтар отаншылдықпен қатар білімге, жаңашылдыққа және еңбекке ұмтылуы керек.

«Отаншыл, білімпаз, жаңашыл, талапты, еңбекқор адамдар елдің көшін алға бастайды. Риза болатыным: мен осы қасиеттерді өскелең ұрпақтың бойынан анық көремін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жастардың ел болашағына сеніммен қарайтынын атап өтті.

«Жастарымыз әрдайым жақсылыққа ұмтылады, еліміздің келешегіне зор сеніммен қарайды», – деді Мемлекет басшысы.

Back to top button