
Қазақстанның жаңа саяси жүйесінде вице-президент қызметі қашан толыққанды қалыптасатыны белгілі болды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кандидатураны ұсыну мерзіміне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Мемлекет басшысының айтуынша, алдымен Құрылтайдың басшылық құрамы мен құрылымы толық жасақталуы керек. Осы рәсімдер аяқталғаннан кейін Президент вице-президент пен Премьер-министр лауазымдарына кандидаттарды ұсынады.
«Құрылтайдың құрылымы жасақталған соң мен сіздерге Вице-Президенттің және Премьер-Министрдің кандидатуралары бойынша ұсыныс енгіземін», — деді Тоқаев Құрылтайдың алғашқы сессиясында.
Одан кейін Мемлекет басшысы Құрылтай депутаттарымен кеңесіп, Үкімет құрамын бекіту рәсімін жүргізетінін айтты.
Сонымен қатар жаңа мемлекеттік лауазымдардың бірі — Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары тағайындалмақ.
Тоқаевтың сөзінше, Құрылтай мен Үкіметтің құрамы толық анықталғаннан кейін Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын жариялайды.
Айта кетейік, бұған дейін Президент вице-президенттің кім болатыны алдағы аптада немесе он күн ішінде белгілі болатынын айтқан еді. Сондай-ақ ол бұл қызметке көпшілікке жақсы таныс тұлға тағайындалуы мүмкін екенін мәлімдеген.
Жаңа Конституция бойынша вице-президентті Президент Құрылтай депутаттарының келісімімен тағайындайды.