Жаңалықтар

Тоқаев волонтерлік қозғалысты дамыту жолдарын талқылады

 Президент Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлер форумында сөйлеп, еліміздегі еріктілер қозғалысын қолдайтынын мәлімдеді. Ол волонтерлік бастамалардың қоғам үшін маңызын атап өтті. Бұл туралы qandastar.kz порталы qazaqparat_kz Telegram-арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

«Қазақстан азаматтарының волонтер болуға, қоғамға пайдалы істерге атсалысуға деген ұмтылысын қолдайды. Бүгін елімізде бір ұлттық және 20 аймақтық фронт-офис тиімді жұмыс істейді. Бұл қозғалысқа қатысушылар саны да өсіп келеді: егер 2020 жылы 50 мың волонтер болса, қазір олардың саны 300 мыңға жетті», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлердің экология, білім, мәдениет және басқа да бағыттардағы маңызды бастамаларына назар аударды. Арнайы атап өткен жобалары: «Жас ағаш», «Эко бақылау» және «Білім волонтерлері», бұл бастамаларға шамамен 100 мың ерікті қатысуда.

«Жастардың құнды іс жасауға қабілеті зор. Бірлескен күшпен ауқымды істер атқаруға болады. Ең бастысы, қазіргі қарқынды бәсеңдетпей, заман талабына жауап беріп алға жылжу», – деді Президент.

Биыл еріктілер ісін дамытуға арналған үш жылдық Жол картасын іске асыру мерзімі аяқталады. Сондықтан Президент Үкіметке 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтитын жаңа мазмұнды құжат әзірлегені жөн екенін айтты.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button