Әлеумет және қоғамБасты жаңалықтарЖаңалықтар

Тоқаев: Заң шығару сапасын арттыруда жасанды интеллектіні кеңінен қолдану керек

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай сессиясында заң жобаларын әзірлеу мен сараптау кезінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдаланудың маңызын атап өтті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай сессиясында заң шығару жұмысының сапасына ерекше мән беру керектігін айтты. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Ақордаға сілтеп хабарлады.

Мемлекет басшысының пікірінше, заңдар әділетті, халыққа түсінікті және заман талабына сай болуы керек. Өйткені әрбір заң нормасы азаматтардың өмірі мен тағдырына тікелей әсер етеді. Осыған байланысты заң жобаларындағы әрбір норма мұқият зерделеніп, жан-жақты талқылануы тиіс.

Президент заң шығару үдерісінің сапасын арттыруда жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен қолдануға болатынын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа технологиялар кәсіби құқықтық сараптаманы алмастырмайды, алайда олар талдау жұмысының тиімділігін арттырып, сыбайлас жемқорлыққа алып келуі мүмкін факторлардың алдын алуға көмектеседі.

«Депутаттар осы мүмкіндікті ұтымды қолдануы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қазіргі уақытта өзінің бастамасымен «E-Parliament» ақпараттық жүйесі әзірленіп жатқанын хабарлады. Бұл платформа проблемаларды заңнамалық тұрғыдан алдын ала реттеуге мүмкіндік бермек.

Президенттің айтуынша, жүйенің негізгі мақсаты – цифрлық қызметтерді бір платформаға біріктіру. Осыған байланысты құзырлы органдарға жүйені Құрылтайдың жұмысына барынша қысқа мерзімде бейімдеу тапсырылды.

Сонымен қатар Тоқаев ел үшін маңызды заң жобаларын сарапшылардың қатысуымен жан-жақты талқылаудың қажеттігін айтты. Ол бұл жұмыста қағазбастылық пен жауапсыздыққа жол бермеу керектігін ескертті.

Президент Құрылтай қоғамдағы өзекті мәселелерге уақытылы жауап беретін жалпыұлттық диалог алаңына айналуы тиіс екенін атап өтті.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы депутаттардың қызметі заңдылық, ашықтық, өзара құрмет және пікір алуандығы қағидаттарына негізделуі қажет екенін айтты.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button