Жаңалықтар

Тоқаев жаңа Салық кодексінен қандай нәтиже күтетінін айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан газетіне берген сұхбатында жаңа жылдан бастап күшіне енген жаңа Салық кодексі туралы пікір білдірді, деп жазады qandastar.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев жұрттың көкейіне күдік-күмән ұялап, көптеген сауал туындатқан жаңа Салық кодексінің айналасындағы қызу пікірталастың болғанын орынды деп есептейді.

Әрине, салық реформасы – өзекті мәселе және бұған қатысты пікірталастардың болуы әбден түсінікті. Дегенмен, ел ішінде дүрбелең туғызып, жұртты дүрліктірудің ешқандай жөні жоқ. Мұндай реформа көптеген елде жүргізіліп жатыр. Мысалы Ресейде қосымша құн салығы жуырда 22 пайызға дейін көтерілді. Біздің реформамыз – қатардағы «фискалдық науқан» емес, салық жүйесін қайта құру деген сөз. Алдымызда тұрған басты міндет – экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету. Үкіметке ашық әрі ұғынықты Салық кодексін әзірлеу тапсырылды. Министрлер кабинетінің бұл тапсырманы қаншалықты табысты орындап шыққанын биыл көреміз. Бұрынғы үкімет қосымша құн салығын, тіпті, 20 пайызға дейін көтеруді ұсынды. Олар фискалдық саясатта қателік жіберілгенін ескере отырып, мұндай қадамның өте қажет екенін мойындады. Талқылау барысында қазіргі үкімет те қосымша құн салығын 20 пайызға дейін көтеруді ұсынды. Алайда, мен үкіметке оның жоғарғы шегін 4 сатыға төмендету туралы тапсырма бердім, – дейді сұхбатта Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, жаңа Салық кодексінде бақылау жасауға емес, өзара серіктестік орнатуға баса мән беріледі, яғни, осы үдеріске қатысушылардың бәрі – мемлекет те, бизнес те, азаматтар да өз міндетін адал орындауға тиіс.

Бірін-бірі өзара толықтырып тұратын мұндай жүйеде салық төлеу ауыртпалық ретінде қабылданбайды. Түптеп келгенде, салық төлеу дегеніміз – заманауи қоғамдық келісімшарт деген сөз. Салық төлесеңіз – қызмет көрсетіледі, инфрақұрылым салынады, қауіпсіз орта қалыптасады, тың мүмкіндіктер пайда болады. Керек десеңіз, бұл – әділдік болу үшін жүктемені қайта бөлу құралы, әлеуметтік тұрғыдан әлсіздерді қолдау және экономикалық тұрғыдан «белсенді ортаны» одан әрі дамыту тәсілі. Бүкіл әлемде фискалдық саясаттың тиімділігі оны жүргізудің сапасымен, жұрттың салық жөніндегі сауатымен және қоғамның сана-сезімімен өлшенеді. Салық төлеу мәдениеті дәл осылай қалыптасады. Салық төлеу бұрын міндет болса, енді отаншылдықтың озық үлгісіне айналады. Мұны сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғам құрудың төте жолы деуге болады. Себебі, салығын адал төлейтін азаматтар өз қаржысының алаяқтардың қалтасында кеткенін мүлдем ұнатпасы анық, – дейді президент.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button