
Мемлекет басшысы Қырғызстан президентімен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Президент қазақ-қырғыз байланысының оң динамикасына тұрақты саяси диалог, екі ел үкіметтері мен іскер топтары арасындағы белсенді өзара ықпалдастық айтарлықтай әсер етіп отырғанын атап өтті.
Ақорда мәліметінше, мемлекет басшылары достық, стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухындағы мемлекетаралық байланысты одан әрі кеңейтуге дайын екенін растаған.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жүргізіліп жатқан конституциялық реформалар туралы айтып, бұл өзгерістер елдің ұзақмерзімді дамуына берік негіз қалайтынын жеткізді.
Садыр Жапаров өз кезегінде Қазақстандағы ауқымды саяси жаңғыруды қолдайтынын мәлімдеді.
Сонымен қатар, тараптар өңірлік ынтымақтастық мәселелері бойынша ортақ ұстанымда екенін білдіріп, халықаралық күн тәртібіндегі маңызды бағыттарда өзара қолдауды жалғастыруға уағдаласты.
Қазақстан Президенті Бішкек қаласында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті мен Дүниежүзілік көшпенділер ойындары секілді халықаралық шаралардың табысты өтуіне тілектестік білдірді.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровтың ел бірлігін нығайтуға және қырғыз мемлекеттілігін күшейтуге бағытталған саясатын қолдайтынын атап өтті.



