Жаңалықтар

Тоқаевтың жаңа мақаласы: Қазақстан Трамп бастамасын қолдады

Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық The National Interest журналына «Сенімділік — жаңа күш» атты мақала жариялады, деп хабарлайды QANDASTAR ақпараттық порталы.

Президент АҚШ бастамасымен құрылған Бейбітшілік кеңесі нақты нәтижеге бағытталған тиімді алаңға айналғанын атап өтті.

«Президент Дональд Трамп көтерген, Біріккен Ұлттар Ұйымы толық қолдаған Бейбітшілік кеңесінің құрылуы — маңызды қадам. Бұл кезекті пікірталас алаңы емес, әсіресе Газа мен Таяу Шығыста нақты нәтижелерге жеткізуді көздейтін практикалық бастама», — деді ол.

Тоқаевтың айтуынша, ескі саяси тәсілдердің орнына «тұрақты экономикалық даму арқылы бейбітшілік» тұжырымдамасы ұсынылған.

«Яғни бейбітшілік ұран ретінде емес, жоба ретінде қарастырылады: инфрақұрылым, инвестициялар, жұмыс орындары және қақтығыстың қайта өршуін мағынасыз ететін болашақ. Ауқымы мен жаңашылдығына қарай бұл бастама халықаралық деңгейде құрметке лайық», — деп жазды президент.

Мемлекет басшысы Қазақстанның бұл бастаманы сөзбен ғана емес, нақты іс-қимылмен қолдайтынын жеткізді.

«Қазақстанда Дональд Трамп стратегиясымен байланысты қағидаттарға оң көзқарас қоғам мен сарапшылар арасында кең талқылануда: прагматизм, дәстүрлі құндылықтарды қорғау, ұлттық мүддені сақтау және соғыстарды созбай тоқтатуға ұмтылу. Бұл қағидалар қауіпсіздік, тұрақтылық және қадір-қасиетке деген сұраныспен үндеседі. Сондықтан біз Бейбітшілік кеңесіне қосылып, оны нақты әрекеттер арқылы қолдауды жөн санадық», — деді Тоқаев.

Ол сондай-ақ шешім ұлттық мүдделермен де байланысты екенін атап өтті: экономикалық байланыстарды күшейту, инвестиция тарту және жаңа технологияларды енгізу.

«Бұл қадам мұсылман және еврей әлемдері арасындағы диалогтың кеңеюіне ықпал етеді деп сенеміз», — деп түйіндеді президент.

Трамп төрағалық ететін Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысында Газа секторына гуманитарлық көмек көрсету мәселесі қаралады. Кеңеске шамамен 60 мемлекет шақырылған, олардың ішінде Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения, Өзбекстан және Әзербайжан бар. Мәскеу ұсынысты қарастырып жатыр, ал Астана, Минск, Ереван, Ташкент және Баку оны қабылдаған.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button