Жаңалықтар
«Төрт бала әкесіз қалды»: Алматыда көз жұмған полицей мейрамханада әйелге араша түскен
Фото: видео скрин
Алматыдағы мейрамханада әйелге араша түсемін деп полицей қаза тапты. Ер адамның артында төрт баласы қалды. Бұл туралы qandastar.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қанды қылмыс қаладағы танымал мейрамханалардың бірінде түнгі уақытта болған. Бақылау камерасына Нұрсұлтан Несіпбаевтың бейтаныс әйелді қалай қорғауға тырысқаны жазылған. Аяусыз соққылап жатқан ер адамға ескерту жасап, сыртқа шығып кетеді. Сөйтіп араларында жанжал туындап, арты полицейдің өлімімен аяқталды.
Марқұмның мәйіті туған жері Байқоңырға жеткізілген. Марқұм Нұрсұлтан Несіпбаевқа үш рет пышақ сұққан күдікті бірден қамауға алынды. Ол өзге ел азаматы боп шықты.
“Қазақтың қызын қорғаймын деп, өмірі қыршыннан қиылды. Жолдасыммен көретін жақсылығымыз әлі алда еді ғой, алға қойған мақсаттарымыз болды. Мына бала-шағаны өсіреміз деген мақсатымыз бар еді. Жақсылыққа ұмтылдық. Енді өкінішті, жастайынан өмірі қиылды”, – деді марқұмның әйелі Бақыт Жетіген.
31 жастағы полицей мейрамханада жұмыстан тыс уақытта жүріпті. Іш құрылысы мен жүрек тұсынан пышақ жарақатын алған азамат ауруханаға жеткізіле салысымен көз жұмған.
“Жолдастарының алдында абыройлы, бауырмал, ағайынның ортасында қамқоршымыз еді, балам. Балама көп арқа сүйейтін едім. Өзіміздің қазақтың қызын қорғаймын деп, өзінің өмірін қиып, артта аңыратып мені қалдырды. Төрт баласы, келіншегі қалды. Мен баламды мақтан тұтамын”, – деді марқұмның анасы Рая Жақанова.
Нұрсұлтан Несіпбаев он жылдан бері ішкі істер саласында қызмет атқарған. Әріптестері ер адамның жұмысқа адал, жанашыр азамат болғанын айтып отыр.
“Мен Нұрсұлтанды 2017 жылдан бастап танимын. Екеуіміз жұмысты бірге бастағанбыз. Нағыз жедел уәкіл деп айтуға болады. Жұмысына адал, берік болатын. Әрдайым адамдарға көмектесіп жүретін және де өте ашық жігіт болатын. Қанды қылмыс жасады деген күдікті қолға түсіп, қамауға алынды”, – деді Медеу ауданы ПБ аға жедел уәкілі Бағдат Құрамысов.
Полицияның айтуынша, ол Өзбекстан азаматы екен.
“Қатарлас қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. Полиция қызметкері жұмыста емес еді. Қылмыстық істің басқа да мән-жайы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабының талаптарына сай жария етілмейді”, – деді Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.