Жаңалықтар

Төрт компрессор: Теңізден 34,7 миллион тонна мұнай алу Қазақстанға не береді?

Фото: ашық дереккөз

Қазақстандағы ең ірі мұнай компаниясы болып табылатын Теңізшевройл Болашақ кеңейту жобасының алғашқы нәтижелерін көре бастады. Осы жоба өзінің толық қуатына жеткен уақыттан бастап, Қазақстан күніне 1 миллион баррель мұнай өндіретін болады, деп жазды qandastar.kz

Былтыр Теңіз кенішінен 27,8 млн тонна мұнай алынса, биыл кеңейтудің арқасында 34,7 млн тонна мұнай шықпақ. Бұл – 253,3 миллион баррель KEBCO сортты мұнай. Нарықтағы қазіргі бағасы 19 миллиард доллардан асар еді. Былтыр Қазақстан барлық кен орындарын есепке алғанда 87,7 миллион тонна мұнай немесе 640 миллион баррель мұнай өндірді. Ол оның алдында межеленген жоспардан аз болып шықты. Биылға 96,2 млн тонна мұнай (505 мың баррель) деген жоспар қойылып отыр. Өсімнің негізгі бөлігін Теңіз кеніші қамтамасыз етуі тиіс.

Chevron компаниясы Теңіздің ПБР-ПУУД жобасы іске қосылғаннан кейін, 2025 жылы «Теңізшевройлдың» таза ақшалай ағыны 8 миллиард АҚШ долларын, ал 2026 жылдан бастап 10 миллиард долларды құрайды деп болжайды.

dalainside хабарлағандай,  Қазақстан биыл көбірек мұнай өндіретіні анық. Бірақ әлемдің нарықтарда мұнай бағасының түсіп кету қаупі осы өндірістің артуын, кеңейту жобасына салынған инвестицияның қайтуын қиындатуы мүмкін. АҚШ президенті Дональд Трамп пен ОПЕК қандай қимылға барары да белгісіз. Трамп мұнай бағасын тек ОПЕК арқылы түсіре алады. Бірақ ОПЕК+ келісімі кезінде мұнай бағасын арзандатпай ұстап тұру үшін мұнай өндіру көлемін шектеуге бағытталған еді. ОПЕК АҚШ айтты деп өз бағытын 180 градусқа өзгерте ме? Ол жағын ешкім тап басып біле алмады. Қазақстан барынша көп мұнай өндіріп, одан көбірек пайда табуға ниетті. Себебі, жылда қайталанатын бюджеттік дефицит Ұлттық Қор қазынасын айтарлықтай жүдетіп тастаған болатын. Мұнай өндіру көлемінің артуын пайдаланып, Ұлттық Қорды кемінде 10 миллиард долларға толтырып қою қажет. ТШО – Қазақстанның негізгі үміті болып отыр. Кеңейту жобасының аясында 4 компрессор қойылып, 5 газотурбинді генератор орнатылған. Үкімет олар істен шықпай, тұрақты түрде қысым болса деп армандайды. Бір нәрсе анық – Қазақстан ТШО кеңеюі жобасынан пайда көру үшін әлемдік нарықта мұнай бағасы барреліне 70 доллардан түспеу қажет. Себебі, биыл фьючерстер құлайтын болса, ел бюджеті ауыр жағдайда қалады.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close