Астанада кондитер Нұршат Ақбергенова мен блогер Аселина Батыр арасындағы сот дауында шешім шықты, деп хабарлайды qandastar.kz
Судья Гүлзада Рашқалиева Ақбергенованың талап арызының ішінара қанағаттандырылғанын мәлімдеді. Судья шешімінде былай деп айтты.
«Ақбергенованың Батырбековаға (Аселина Батыр) қарсы ар-намыс, қадір-қасиет және іскерлік беделді қорғау туралы талабын ішінара қанағаттандырылсын. Instagram және Threads желілеріндегі stories арқылы таратылған мәліметтер шындыққа сәйкес емес деп танылсын», — делінген ақпаратта.
Сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде Аселина Батыр Instagram мен Threads желілерінде ресми терістеу жариялауға міндеттелді.
Сонымен қатар, жауапкерден 200 000 теңге моральдық зиян өтемақысы, шамамен 4 932 теңге сот шығындары мен мемлекеттік баж өндіріледі.
Талап арызының қалған бөлігі бойынша сот қанағаттандырудан бас тартты.



