Әлем жаңалықтары

Трамп қызметіне кіріспей жатып, Гренландия мен Канаданы АҚШ-қа қосып алмақшы

Фото: eurointegration

Президент Трамп Панама каналын басып алуға уәде беріп, Даниядан Гренландияны сатып алуға шақырып, Канаданы АҚШ-тың 51-ші штатына айналдыру ниетін байқатты, деп хабарлайды qandastar.kz

Теннеси штатының өкілі Энди Оглс Даниямен келіссөздер жүргізу үшін Трампқа өкілеттік беретін заң жобасын әзірленіп жатыр.

Гренландия Солтүстік Америкада орналасқанымен, Еуропамен тарихи-мәдени және геосаяси байланыстарға ие екенін атап өткен жөн.

Fox News Digital басылымынп сүйенсек, бұл заң жобасы «Гренландияны қацта ұлы етейік туралы заң» (ағылш. Make Greenland Great Again Act) деп аталады.

«Джо Байден соңғы төрт жылда біздің беделімізді түбірімен құртты. Ал Дональд Трамп президент ретінде қызметіне кіріспей жатып-ақ әлемге «Америка бірінші» саясатының қайта оралғанын көрсетіп жатыр. АҚШ-тың экономикалық және қауіпсіздік мүдделері енді ешқашан кейінге шегерілмейді. Республикалық партияның өкілдері Трамптың америкалықтар үшін нәтижеге қол жеткізуіне көмектесуге дайын», – деді Оглс Fox News Digital басылымына берген сұхбатында.

Skifnews.kz  талған заң жобасы Трампқа 20-да ант беру рәсімінен кейін бірден Даниямен келіссөздер жүргізуге мүмкіндік беретінін жазды.

«Дания Корольдігімен Гренландияны АҚШ-қа қосу туралы келісімге келгеннен кейін 5 күн ішінде президент барлық тиісті құжаттар мен материалдарды Конгресс комитеттеріне тапсыруы керек», – делінген заң жобасында.

Бірқатар республикашылдар Трамптың бұл идеяларын жай ғана троллингке теңесе, кейбіреулер одан АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған стратегиялық ойынды көріп отыр.

«Панама мәселесі – Қытай. Қытайлар Батыс жарты шарда экономикалық және қаржылық жағынан үстемдік етіп жатса, біз соны бақылаумен ғана шектеліп қалдық», – дейді Трамптың бұрынғы сайлауалды штабының өкілі.

Панама үкіметі Атлант және Тынық мұхиттарды байланыстыратын каналды 25 жылға жуық бақылап келеді. Трамп АҚШ-тың бұл жолды өз қолына алу идеясын алға тарта отырып, АҚШ-тың «шамадан тыс құн төлеп, тоналып жатқанына» шағымданды. Қытай Панамаға, соның ішінде оның бірқатар құрылыс жобаларына орасан инвестиция салды және Панаманың бес негізгі портының екеуін басқарып отыр.

Панама президенті Хосе Рауль Мулино болса, Трамптың бұл мәлімдемелерін қабылдаудан бас тартып, әйгілі канал арқылы транзит тарифтері «қыңырлықпен» шешілмейтінін атап өтті. Гренландияны сатып алу туралы әңгіме ұлттық қауіпсіздік саласындағы ойын ретінде де қарастырылуы мүмкін. Арктика – маңызды аймақ. Өйткені АҚШ Ресеймен, Қытаймен тайталасып жатқан шақта Гренландия мұзының еруі кемелер үшін жаңа жол ашады. Бұған қоса, Гренландия – табиғи ресурстарға бай аумақ.

Трамп 2019 жылы өзін-өзі басқаратын, бірақ Данияға тиесілі Гренландияны сатып алудың «стратегиялық» тұрғыдан қызықты екенін айтып, сол кездегі Данияның Премьер-министрі Метте Фредериксеннің ашуын туғызды. Сонымен қатар, өткен аптада Трамп АҚШ-тың бұл аралға иелік етуі «абсолюттік қажеттілік» деп айтқан.

Премьер-министр Муте Эгеде Гренландияның «ешқашан сатылмайтынын» ескертіп, арктикалық аралдың қауіпсіздігін арттыру үшін жаңа пакет жариялады.

«Трамп бұл жерде шынымен нені меңзеп тұр? Ол Монро доктринасын қалпына келтіру жайында, яғни, Батыс жарты шарды басқаратын АҚШ туралы айтып отыр», – дейді республикашыл стратег Форд О’Коннелл Трамптың Гренландия, Канада және Панама каналы туралы әңгімелеріне пікір білдіре отырып.

1823 жылы бұрынғы президент Монро қабылдаған Монро доктринасы АҚШ-тың Еуропаның саяси істеріне қатысуына немесе араласуына жол бермейді. Трамп Канададан, сондай-ақ Мексикадан әкелінетін өнімдерге 25 пайыздық баж салығын енгізуге уәде берді және ол бұл екі елді әрекетсіздік пен трансшекаралық есірткі саудасына, қылмыстарға жауапты деп кінәлап отыр.

Сонымен қатар, Трамп Рождество күніндегі жазбасында Канада премьері Трюдоны «губернатор» деп атап, оның еліндегі салықтардың «тым жоғарылығын» сынап, егер Канада 51-ші штат атанса, сол салықтардың төмендейтінін жеткізді. Трамп танымал хоккейші Уэйн Грецкиге Канаданың Премьер-министрі лауазымына үміткер болуды ұсынып, бұл лауазымның «жақында Канада губернаторы қызметіне айналатынын» ескертті. Көптеген канадалықтар Трамптың желідегі сөздерін қызық деп қабылдамады.

«Оның Американың ең жақын одақтасына мұндай қауіп төндіруді проблема көрмейтіні өте қорқынышты», – дейді Батыс Онтарио университетінің саясаттану профессоры және МакГилл университетінің шақырылған профессоры Мэтью Лебо.

Canadian Press хабарлағандай, канадалықтардың 13 пайызы ғана АҚШ-қа қосылу идеясына ашық екен. «Бұл – Ресейдің бір бөлігі болуды қалайтын украиндардың пайызымен бірдей көрсеткіш», – дейді Лебо.

Канада билігі АҚШ президентінің ұсынысына үзілді-кесілді қарсылық білдірді. Премьер-министр Джастин Трюдо мен Сыртқы істер министрі Мелани Джоли X әлеуметтік желісінде осы мәселе бойынша өз ойларын жариялады.

«Канаданың Америка Құрама Штаттарының бір бөлігіне айналу мүмкіндігі мүлде жоқ. Екі елдегі жұмысшылар мен қауымдастықтар бір-бірімен саудада және қауіпсіздік саласында серіктестер болудан ғана ұтады», – деп жазды жақында отставкаға кететінін хабарлаған Трюдо.

Джолидің пікірінше, Трамптың бұл комментарийлері оның «Канаданы нендей жағдайлар күшті ететін толық түсінбейтінін» көрсетіп берді.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close