АҚШ президенті Дональд Трамп The New York Times басылымына берген сұхбатында халықаралық құқықты өзі үшін міндетті шектеу деп санамайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Instagram желісіндегі Live.kg парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
«Маған халықаралық құқықтың қажеті жоқ», — деген Трамп.
Cонымен бірге адамдарға зиян келтіруді мақсат етпейтінін атап өтті. Дегенмен, ол әкімшілігі халықаралық нормаларды формалды түрде сақтауы тиіс екенін, бірақ оларды өзі дұрыс деп есептеген интерпретацияда ғана орындайтынын айтты.
Бұл мәлімдеме халықаралық қауымдастықтың алаңдаушылығын тудырды. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш халықаралық құқықты құрметтеуге шақырып, мемлекеттердің бұл нормаларды өздері қабылдағанын және оларды орындауға міндетті екенін еске салды.
Сұхбат АҚШ-тың соңғы кездері қоғамда үлкен резонанс тудырған бірқатар әрекеттерінің аясында жарық көрді. Атап айтқанда: Венесуэлада жүргізілген жедел әскери операция барысында ел президенті Николас Мадуроның тұтқындалуы; Колумбияға және Латын Америкасындағы басқа да елдерге бағытталған қатаң қоқан-лоққылар; НАТО-дағы одақтастарға қысымның күшеюі және Данияға тиесілі автономиялық аумақ — Гренландияны бақылау мәселесінің талқылануы.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай ұстаным халықаралық тәртіпті әлсіретіп, жаһандық тұрақсыздықтың күшеюіне әкелуі мүмкін. Ал АҚШ-тың одақтастары елдің сыртқы саясатының болжап болмайтын сипатынан алаңдаушылық білдіруде.



