Саясат

Трамп пен Путиннің кездесуі неге өтпейтін болды?

 

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей басшысы Владимир Путинмен жоспарланған кездесуден бас тартты. Сонымен қатар, АҚШ қаржы министрлігі Ресейдің жетекші мұнай компаниялары – «Роснефть» пен «Лукойлға» және олардың еншілес құрылымдарына қарсы жаңа санкциялар енгізді, деп жазды qandastar.kz

Трамптың айтуынша, Мәскеудің Украинадағы соғысты тоқтатуға шынайы ұмтылысының болмауы санкция салуға басты себеп болған.

«Біз президент Путинмен кездесуден бас тарттық. Себебі ол кездесудің нәтижесі болмайтынын түсіндім. Сондықтан бас тарту жөн деп шештім», – деді Трамп.

АҚШ президенті келесі кездесу «болашақта» өтуі мүмкін екенін айтты, бірақ нақты мерзімін атаған жоқ.

Бұған дейін Трамп Путинді әскери қимылдарды тоқтатуға көндіретінін мәлімдеген еді. Будапешт саммиті аясында АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың кездесуі жоспарланған болатын, алайда ол жүзеге аспай қалды. Мәскеу бұл кездесудің алдын ала жоспарланбағанын хабарлады. Екі тарап тек телефон арқылы сөйлесумен шектелді. Дегенмен, Ресей тарапы болашақ кездесуге дайындық жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Трамптың Путинмен кездеспеу туралы шешімі АҚШ қаржы министрлігінің ресейлік мұнай алпауыттарына қарсы санкциялар енгізуімен тұспа-тұс келді.

Министрліктің хабарлауынша, бұл шектеулер Ресейдің бейбіт келісімге келуге ниет танытпағаны үшін енгізілген. Санкциялар аясында аталған компаниялардың АҚШ-тағы активтері бұғатталып, жаңа қаржылық операцияларға тыйым салынады.

АҚШ қаржы министрлігі Мәскеуді тез арада атысты тоқтату туралы келісімге келуге шақырды. Президент Трамптың айтуынша, егер Ресей Украинадағы соғысты тоқтатуға келіссе, санкциялар қысқа мерзім ішінде жойылуы мүмкін.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button