
Түркістан облысының Леңгір қаласында түн ішінде үйге басып кіріп, 65 жастағы әйелді соққыға жыққан күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Полиция мәліметінше, жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктілердің жеке басы анықталған. Олар – Төлеби ауданының екі тұрғыны. Қазір екеуі де қамауда.
«Тәжірибелі криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының кешенін жүргізіп, күдіктілердің кім екенін, қай жерде тұратынын анықтады. Күдікті ретінде Төлеби ауданының екі тұрғыны ұсталып, қамауға алынды», – деді Түркістан облысының полиция департаменті.
Оқиға түнгі уақытта болған. Белгісіз адамдар үйге кіріп, зейнеткерді аяусыз ұрып кеткен. Жәбірленушінің туыстарының айтуынша, әйелдің інісі қарызға ақша берумен айналысқан.
Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында.



