
Көпке танымал заңгер Мейірман Шекеев әлеуметтік желідегі парақшасында марқұм Шерзаттың ағасына қатысты жазба жариялады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
«Нұрғанаттың қаза болғанына тура 1 жыл болыпты.
Уақыт өтсе де, сағыныш азаймайды, жүректегі орны ешқашан толмайды. Жанымызда емес болса да, жүрегімізде мәңгі тірі. Оның бауыры үшін күресі, күлкісі, мінезі, айтқан әрбір сөзі біз үшін қымбат естелік болып қана қалды.
Алла тағала Нұрқанат пен Шерзатты нұрымен жарылқап, рақымына бөлесін. Жандары жаннатта, топырағы торқа болсын.
Қаржаубайдың отбасында бұдан былай тек қуаныш болсын деп, дұға етіп қайттық», — деп жазды заңгер.
Еске сала кетейік, 2024 жылы 4 қазанда Талғарда 16 жастағы Шерзат Полат кісі қолынан қаза тапты.
12 қазан күні түнде қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.
Кейіннен Шерзат Полаттың әкесінің інісі Нұрғанат Ғайыпбаев суицид жасады. Марқұмның денесін туыстары бейіттен тауып алған.



