
Қазақстан Республикасының әр азаматы тұрғылықты жері бойынша тіркеуі болуы тиіс. Қазақстанда тұрақты және уақытша тұру орны бойынша халықты есепке алу заңнамада үнемі көзделген.
Тұрғылықты жері бойынша тіркелудің 2 түрі бар — тұрақты және уақытша.
- Тұрақты тіркеу – бұл тұрғылықты жері бойынша тіркеу.
- Уақытша тіркеу – бұл азаматтың 1 айдан артық уақытша келу (тұру) орны бойынша тіркеу.
Аталмыш мақалада біз «Уақытша тіркеу» түсінігіне, ол қалай және қандай жағдайларда ресімделетініне толық тоқталамыз.
2017 жылғы 7 қаңтарда «Халықтың көші-қоны туралы», «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына енгізілген өзгертулер күшіне енді, ол заңдарда азаматтың уақытша келу орны бойынша тіркелу міндеті, сондай-ақ меншік иелері немесе тұрғын үйді жалға беруге уәкілетті адамдардың онда тұратын адамдарды тіркеу міндеті көзделеді.
Тіркеу бойынша жаңа ережелер тұрғылықты жерін уақытша өзгерткен адамдарға қатысты. Қонаққа, сондай-ақ басқа да жұмыстар бойынша бір айға дейінгі мерзімге келген адамдар тіркелмеуіне болады.
«Уақытша тұрғындар» түсінігі «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 2-бабында анықталған (уақытша тұрғындар – жалдаушы (меншік иесі, тұрғын үй кооперативінің мүшесі) тұрғын үйді пайдаланғаны үшін төлем алусыз тұрғын үйге уақытша тұру құқығы ұсынылаған азаматтар).
Уақытша тұру орны бойынша 1 айдан артық мерзімге тұруға келген азамат 1 айдан артық мерзімге келсе, 10 күн ішінде тіркелуге міндетті.