
Премьер-министр үкімет отырысында мемлекет басшысының азаматтардың тұрмыс сапасын арттыру жөніндегі тапсырмасына тоқталып өтті, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
«Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал ететін, ең бастысы, елге пайдасы тиетін нақты нәтижеге қол жеткізу басты мақсат болуы тиіс екенін атап өтті.
Бұл міндетті іске асыруға құрылыс секторы тың серпін беретіні анық. Өткен жылы салада 16% деңгейінде өсім сақталды. 20 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 185 мың отбасы баспана жағдайын жақсартты», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Үкімет тұрғын үй саласындағы мемлекеттік қолдау құралдарын жеңілдету үшін бірқатар шешім қабылдаған.
Соның ішінде Отбасы банкіне ұлттық даму институты мәртебесі беріліп, тұрғын үй кезегі толық цифрлық форматқа көшірілген. Бұл тұрғын үйді есепке алу мен бөлу процесінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жалға берілетін тұрғын үй бағдарламалары мен мемлекеттік ипотекалық жобалар да тұрғындарды баспанамен қамтуда маңызды рөл атқарып отыр. «Наурыз» және «Наурыз – жұмыскер» бағдарламалары аясында жалпы сомасы 233 млрд теңгеге 8,5 мыңнан астам несие берілген.
Премьер-министр алдағы уақытта да құрылыс қарқынын төмендетпеуді тапсырды.
«Биыл да құрылыс қарқынын сақтай отырып, тұрғын үйді қолжетімді ету бағытында жұмысты жалғастыру керек», — деп тапсырды премьер-министр.



