Жаңалықтар
Туризм және спорт министрлігі Шайдоровтың сынына жауап берді

Фото:министрлік
Туризм және спорт министрлігі Бостондағы Әлем чемпионатында күміс медель иеленіп, үздік үштіктің қатарына енген конькимен мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың сынына жауап берді, деп хабарлайды qandastar.kz Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Бұған дейін Шайдоров өз Отанында жаттығатын орын жоқ екенін, соған байланысты өзге елдерден «мұз айдын» іздеуге мәжбүр екенін айтқан. Министрлік бұл ескертуді әділ деп санайды.
«Еліміздің жетекші спортшыларының бірі Михаил Шайдоровтың спорттық даярлығына қажетті тиісті жағдайлардың жоқтығынан біз хабардармыз. Бұл факт Қазақстан Президентінің спорт саласындағы вертикальды басқаруды қалпына келтіру жөніндегі тапсырмасының негізділігі мен дер уақытында көтеріліп отырғанын тағы да растайды. Осы реформаның негізгі бағыттарының бірі жергілікті атқарушы органдардан жоғары жетістіктерге дайындалу үшін спорт объектілерін туризм министрлігіне беру болып табылады», – деп түсіндірді ведомстводан.
Министрлік елімізде ұлттық құраманы Олимпиада ойындарына дайындау жоспары бекітілгенін, оның шеңберінде медальдарға әлеуетті үміткер мықты спортшылар айқындалғанын хабарлады. Олардың әрқайсысына, соның ішінде Шайдоровқа қатысты жауапты құрылымдарға нақты міндеттер бекітілген.
«Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда. Министрлік тұрғылықты жеріне немесе тіркеу орнына қарамастан олимпиадалық дайындық жоспарына енгізілген әрбір спортшыға қажетті қолдауды қамтамасыз етеді», — деп толықтырады министрліктен.
Бұған дейін ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов еліміздің қысқы спорт түрлеріндегі ең үздік өкілдері Денис Никишамен (шорт-трек) және Михаил Шайдоровпен (мәнерлеп сырғанау) кездескенін хабарлағанбыз. Тараптар Италияның Милан қаласында өтетін 2026 жылғы олимпиадаға дайындық барысын талқылады.