Жаңалықтар

Түркістан облысында бір ауылды полиция күзетіп тұр: әкімдік өкілдері жағдайға қатысты түсінік берді

Фото: nur.kz

Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылында әлеуметтік желі арқылы жастар арасында 11-сынып оқушысы «14 жасар қызды зорламақ болды» деген сыбыс тараған.

Ауыл тұрғындарының сөзінше, содан кейін ашулы топ күдіктіні іздеп, оның және туыстарының үйіне басып кірмек болған. Полиция оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі. Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылы үш күн бойы байланыс пен интернетсіз қалды.

14 шілдеден 15 шілдеге қараған түні ауылда дүрбелең болған. Бұл туралы ауыл тұрғындары айтты. Сөзінше, ауылда жастар арасында 11-сынып оқушысы 9-сынып оқитын қызды зорламақ болды деген сыбыс тараған, кейін ашулы топ күдіктіні іздеп, үйіне және туысының үйіне тас атып, «шабуыл жасаған». Ауыл тұрғындарының сөзіне қарағанда оқиғадан бірнеше адам зардап шеккен, екі үйге зақым келген.

Портал тілшісі оқиға орнына барды. 19 шілдедегі жағдай бойынша ауылда әр көшеден полицияны кездестіруге болады және ауылға кіре берісте қару асынған тәртіп сақшылары жүр. Зақым келген үйден тас тиіп шағылған есік әйнектерін байқауға болады. Ауыл халқы үрей әлі сейілмегенін айтады.

Жібек жолы ауылындағы оқиға туралы әкімдік өкілдері пікір білдірді. Жергілікті билік мәліметінше, тараптар түсініспеушілігі 15 минутта шешілген. Қазір құзырлы орган өкілдері жан-жақты бақылап жүр деген жауаптылар дүрбелеңде бірде-бір адам зардап шекпегенін айтты. «Жібек жолы ауылдық округінде жастар тарапынан түсінбеушілік болған. Жастар арасында әлеуметтік желіде 14 жастағы қызды зорламақшы болды деген ақпарат тараған. Содан кейін жастар дүрбелеңге түскен. Дегенмен ауыл үлкендері дер кезінде алдын алып, келеңсіз оқиға болған жоқ. Қылмыстық іс қозғалды. Жалған ақпарат тарату бойынша бірнеше азамат тергеліп жатыр», – дейді Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Алдияр Қозыбаев.

Сарыағаш аудандық сотының мәліметінше, «Зорлау», «Қылмысқа оқталу» күдігімен 16 жастағы жасөспірім қамалған. Одан бөлек, «Бұзақылық» бабымен 19 жастағы жігіт қамауға алынған. Сот ол екеуін 10 күнге қамауға санкция берген. Үйіне зақым келген отбасы портал тілшісіне сұқбат беруден бас тартты. Олар қауіпсіздігіне алаңдайтынын айтты. Айта кетейік, Өзбекстанмен шекаралас жатқан Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылында 17 ұлттың өкілі тұрады. Ал халқының саны 11 мыңнан асады. Тұрғындар негізінен сауда-саттықпен айналысады.

 

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close