Жаңалықтар
Түркістан облысында ер адам әйелін балтамен өлтірген

Фото: скрин
Түркістан облысының Карамурт ауылында қайғылы оқиға болды. 45 жастағы ер адам қызғаныштың салдарынан 14 жыл бірге тұрған әйелін аяусыз өлтіріп, артынша өз-өзіне қол салған, деп хабарлайды qandastar.kz
Ең ауыр жайт – таңғы уақытта олардың мәйітін төрт баласы тауып алған. Осылайша бір түнде төрт бүлдіршін жетім қалды. Қазір олар балалар үйіне жеткізілді.
Оқиға 13 жастағы қыздың мектепке дайындалып жатқан сәтінде анықталған. Ол аулада жатқан анасының қанға боялған денесін көрген. Әйелдің денесі қатты зақымдалып, туыстары бірден танымай қалған. Қыздың жан айқайын естіген көршілер оқиға орнына жиналған.
Марқұмның ағасы Мырзакерім Мырқадиев болған жағдайды көз жасымен еске алды:
«Бүкіл беті қан-жоса болды. Алғашында немен ұрғанын білмедік. Кейін белгілі болды – молотокпен басынан ұрып, миын жаншып тастаған», – дейді ол.
Ал әпкесі Мұхаббат Мырқадиева денені жуып жатқандағы көріністі былай сипаттады:
«Шашы жұлынған, денесі түгел қан мен кірге боялған. Басын қоқысқа, шөпке тығып тастапты. Жуып жатқанда алақандарым тастардан жараланды. Жанды жер қалмаған. Бетін айтуға да қорқамын – адам танымастай күйде еді», – дейді ол.
Көп ұзамай әкенің денесі де табылды. Ол әжетханада асылып қалған. Артында аудиоүндеу қалдырыпты.
Туыстарының айтуынша, отбасы ішіндегі жанжал түн ортасында басталып, таңға дейін жалғасқан. Ер адам жазып кеткен үндеуінде әйелін қызғаныштан ұрғанын айтқан.
«Ол: „Әйеліме қол көтердім. Себебі оның көп қылығын естідім. Біреулер көлікпен жүргенін айтты“, – деп түсіндірді. Бар кінәсі – қызғаныш. Бірақ қолында нақты дәлел болмаған», – дейді марқұмның ағасы.
Түркістан облысы полиция департаменті де бұл деректі растады:
«Алдын ала мәлімет бойынша, жергілікті тұрғын әйелімен жанжал кезінде оған ауыр жарақаттар салып, соның салдарынан әйел көз жұмған. Кейін ол аудиоүндеу қалдырып, өзіне қол салған», – деді ведомстводан.
Қайтыс болған ерлі-зайыптылардың артында төрт бала қалды. Ең үлкені – 13 жастағы қыз, кішісі – үш жасар ұл. Балалардың бірі мүгедектік санатында. Туыстарының айтуынша, ер адам тұрақты жұмыс істемеген, ал әйелі бала күтіміне байланысты үйде отырған.
Белгілі болғандай, бұған дейін де күдікті қызғаныштың кесірінен бұрынғы жұбайын көлігімен қағып, сегіз жылға бас бостандығынан айырылған.