Жаңалықтар

Түркістан облысында газ жарылып, бір отбасынан үш адам қаза тапты

Фото: stan.kz

Үш күн қатарынан әкесі мен екі ұлының жаназасын шығарған қаралы отбасы содан бері ес жия алмай жүр.

Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Жігерген ауылындағы үйлердің бірінде 7 қаңтар күні қайғылы оқиға болды. Аядай үйде газ жарылып, бір отбасының үш адамы бақилық болды. Бұл туралы qandastar.kz ақпарат порталы Stan.kz-ке cілтеме жасап хабарлайды.

Үш күн қатарынан әкесі мен екі ұлының жаназасын шығарған қаралы отбасы содан бері ес жия алмай жүр.

40 жастағы Дәулет Тұрабаев үш ұл, екі қыздың әкесі болған. Балқашқа барып-келіп жұмыс істейтін жігіт ағасы 24-желтоқсанда ғана мерекелік демалысқа келген. Сөйтіп, қан қысымы көтеріліп, денсаулығы сыр берген келіншегін қалаға емделуге жіберіпті. Қос қызымен Шымкентке кеткен Динара үйге табиғи газды екі-үш ай бұрын ғана кіргізгенін айтады. Оның бұл сөзін ұлы мен немерелерінен айрылған аналары да растап отыр.

“Азанда қоңырау шалып тұр. “Дина қайтшы. Газ жарылды. Мен күйіп қалдым. Балалар аман” деді. Кейін қайта хабарласып едім қайынағам алды. “Келін оларды жедел-жәрдеммен ауруханаға әкетіп жатыр. Сол жаққа бара бер” деді. Жедел-жәрдеммен қатар бардық Қазығұртқа. Екі баламды көрдім. Екеуі де түгелдей күйіп қалған. Үлкен балам “мама бізде бәрі жақсы. Болмашы жарақат қой. Жазылып кетеміз” деді”, – дейді Динара Әшірова.

Сөздерінше, жарылыс ай бұрын үйге әкелінген иран пешіндегі ақаудан болған.

“Газды кіргізгеніне 3-4-ақ ай болды ғой. “Мама, тым болмаса ел қатарлы екі бөлмені жылытып отырайын” деп жазда келгенде өтініш жазып бергенмін. Өзім Алматыда үлкен ұлдың қолында тұрамын. Сол камень пеш қойып отырған екен ғой. Көргендердің айтысы газ атылғанда бүкіл осы үйде қанша бөлме бар соның барлығының әйнегін сындырып жіберген ғой. Мына жерде жанып жатқан дүниені, үйді алып қаламыз деп оттың ішінде жүре беріпті балаларым. Сол аралықта түтін ішкі ағзаларын күйдіріп жіберген. Денесінің 90 пайыздан астамы күйген. Оларды аман алып қалу мүмкін болмады”, – дейді Дәулеттің анасы.

Ауруханаға хал үстінде жеткізілген төрт науқастың алдымен 5 жастағысы жан тапсырыпты. Кейін 13 жастағы ұл, үшінші күні 40 жастағы ер азамат ажал құшқан. Газ жарылғанда марқұмдардың үшеуі де бір бөлмеде жатыпты. Тек ортаншы бала бөлек бөлмеде ұйықтаған.

“Аман қалған баламның аяғы терең күйіпті. Ол әкесі, ағасы мен інісі қайтыс болғанын білмейді. Өйткені шоктан шықпаған. Дәрігерлер көңілін алаңдатпауды тапсырды. Әлі ауруханада жатыр. Өзім жарылыс болған үйде тұрып жатырмыз. Ауыл-аймақ болып 3 миллион теңге жинап, несиемнің біреуін жауып берді. Қалғандары үйді әктеп-сылап, терезелерін қаптап берді. Әзірге әйнектері жоқ”, – дейді Динара Әшірова.

Айлықтан айлыққа өмір сүрген отбасының мойнында 12 миллион теңге несие бар екен. Бірін төрт түлік асырап сату үшін алса, қалғанына жолаушы тасымалдайтын көлік сатып алған. Алайда, ол кәсіптің бірі де жүрмей отағасы Балқашта тас жол төсейтін фирмада нәпақа тапқан. Оның өзін несиеге бөліп отырған отбасы қара су мен нанды қанағат тұтқандарын айтты.

Төтеншеліктердің болжамы бойынша, жарылыс табиғи газға жалғанған пештегі газ-ауа қоспасынан болған.

“Аудан әкімшілігі тарапынан жақын күндері зардап шеккен азаматтарға 1 миллион 585 теңге төңірегінде қаржы беріледі”, – дейді аудандық әкімдік өкілдері.

40 жастағы әке мен оның 13 және 5 жастағы ұлдары қатарынан үш күнде жан тапсырған. Оларды жоқтап 35 жастағы жесірі мен 12 жастағы ұл, 9 жасар және 8 айлық қыздары қалды.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close