Облыстық полиция Кентау қаласында жаңа туған нәрестенің денесі табылуына байланысты қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Тәртіп сақшылары баланың анасын анықтауға бағытталған жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп жатыр.
Полиция қызметкерлері аулааралық аумақтарды аралап, бейнебақылау камераларының жазбаларын зерделеуде.
Сондай-ақ жақын орналасқан үйлердің тұрғындарымен және ықтимал куәгерлермен әңгімелесуде.
Бұдан бөлек, медициналық мекемелер де кешенді түрде тексеріліп жатыр.
«Барлық мән-жайларды анықтау мақсатында қажетті тергеу әрекеттері жалғасуда. Тергеу нәтижелері бойынша заңға сәйкес тиісті шешім қабылданатын болады», — дейді департаменттегілер.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне қатысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды.



