ЖаңалықтарШоу бизнес

Түркістан облысында той үстінде бұрынғы әнші келінін соққыға жыққан ер адам сотталды

Түркістан облысында тойханада әнші Азода Тұрсынмұрадованы соққыға жыққан бұрынғы қайын атасының 1 жылға бас бостандығы шектелді, деп жазады qandastar.kz порталы.

Іс Төле би аудандық сотында қаралды.

Ер адамға Қылмыстық кодекстің 293-бабының 1-бөлігі («Бұзақылық») бойынша айып тағылды.

«2025 жылдың 31 тамызында шамамен сағат 21:23-те сотталушы Төлеби ауданындағы «Зағамбар» банкет залында бұрынғы келінінің іс-шарада ән айтып жатқанын көріп, оған қарсы бұзақылық әрекеттер жасаған, яғни қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып, ашық құрметсіздік танытып, оған қарсы күш қолданған», — делінген сот материалында.

Салдарынан әншінің мойнында, білегінде және кеуде тұсында көгерген жарақаттар анықталды.

Сот-медициналық сараптама бұл жарақаттар денсаулыққа зиян келтірмейтін, жеңіл деңгейдегі зақым екенін көрсетті.

Прокурор ер адамға 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.

Жәбірленуші де осы талапты қолдап, 700 мың теңге материалдық және 10 миллион теңге моральдық шығын өндіруді талап етті.

Өз кезегінде сотталушы өз әрекетін басқа бапқа ауыстырып, айыппұл салуды сұраған.

Сот шешімімен ер адамның 1 жылға бас бостандығы шектелді.

800 мың теңге моральдық зиян және 700 мың теңге өкілдік етуге жұмсалған шығын өндірілді.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button