
Түркістан облысында 18 жастағы қызға бүйрек трансплантациясы жасалды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Оған бірнеше уақыт бұрын созылмалы бүйрек ауруының соңғы сатысы диагнозы қойылып, гемодиализге тәуелді болған.
Жас пациент үшін қалыпты өмірге оралудың негізгі жолы — бүйрек ауыстыру операциясы еді. Дәрігерлер қажетті тексерулерден кейін оған тірі туыстық донордан ағза трансплантациясын жасауға болатынын анықтаған.
Немересіне донор болуға оның 60 жастағы әжесі келісім берген.
Әйел барлық медициналық тексеруден өтіп, донор болуға ешқандай кедергі анықталмаған. Осыдан кейін облыстық клиникалық аурухананың мамандары қос бүйрек трансплантациясын сәтті орындаған.
Операцияның нәтижесінде 18 жастағы қыздың гемодиализге тәуелділігі тоқтап, қалыпты өмірге оралуына мүмкіндік туды.
Бұл — аталған ауруханада жасалған 40-шы бүйрек трансплантациясы.
Мамандардың айтуынша, күрделі операция трансплантологиялық қызметтің жүйелі дамуы мен дәрігерлерден құралған мультидисциплинарлық команданың үйлесімді жұмысының нәтижесі.
Алайда бұл оқиғаның медициналық көрсеткіштер мен сандардан бөлек, адамға әсер ететін ерекше тұсы бар.
Немересін сәби кезінен аялап өсірген әже бұл жолы оның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретін ең үлкен сыйын — өз бүйрегін берді.



