Жаңалықтар
Түркия киллер жіберген бе: Өзін сенімді ұстаған мерген желі жұлдызына айналды
Фото: ашық дереккөз
Бүкіл әлем көз тіккен Олимпиадаға бейқам келген мерген көпшіліктің көзайымына айналды, деп хабарлады Qandastar.kz. Нақтырақ айтатын болсақ, Түркиядан Париж Олимпиадасына келген Мерген Юсуф Дикеч күміс медаль жеңіп алды.
51 жастағы мерген Олимпиадада еш қиналмаған түр танытып, екінші орын алған. Спортшының өнер көрсету сәті Х желісінде жарияланды, онда Юсуф өзін сабырлы әрі өзіне сенімді ұстаған. «Түркия киллер жіберген бе?» делінген хабарламада. 10 метр жерден пневматикалық мылтықпен ататын аралас командалық сынақтың финалында Дикеч қолын қалтасында салып, босаңсыған күйде өнер көрсетті.
Түрік мергені басқалар сияқты дәлдік үшін бір көзді жауып, құлаққап киген жоқ. Барды да, оғын атып, күміс медаль иеленді. Осы жетістігінен кейін әп-сәтте әлеуметтік желіде танымал болып шыға келді. Желі қолданушылары «қалтасынан қолын алып, көздеп атқанда алтын алатын еді», «Өзіне тым сенімді болды», «Керемет» деген сияқты пікірлер білдірді.
Айта кету керек, 1news.a ресурсының мәліметінше, Дикеч – Түрік жандармериясының отставкадағы офицері. Бұл оның бесінші Олимпиада ойындары және алғашқы медалі.