
Белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатов бұрынғы жары Мөлдір Мұқанованың сұхбаттағы айтқандарына қатысты әлеуметтік желіде ресми түрде пікір білдірді, деп хабарлайды qandastar.kz
Өнер иесі өз жазбасында балаларымен байланысын ешқашан үзбегенін және олардың өміріне белсенді араласып келе жатқанын атап өтті.
“Құрметті ағайын, мен ешқашан балаларыммен арадағы қатынасты үзген емеспін. Олармен бірге болдым, қазір де қасымдамын. Балаларым үшін еңбектеніп келемін және әлі де солай жалғастырамын. Алла денсаулық берсін!”, – деп жазды әзілкеш.
Еске салайық, бұған дейін продюсер әрі актриса Мөлдір Мұқанова Тұрсынбек Қабатовпен ресми түрде ажырасқанын және некенің бұзылуына ерінің опасыздығы себеп болғанын мәлімдеген еді. Сондай-ақ ол әзілкеш балаларымен қатынасты шектеді деп айтқан болатын.
Мұқанованың мәлімдемесінен кейін желі қолданушыларының бір бөлігі Қабатовты сынға алып, кейбіреулері бойкот жариялауға шақырды. Әзілкештің Instagram парақшасында бұл тақырыпқа қатысты түрлі пікірлер толассыз жазылуда.



