Жаңалықтар
Тұрсынғали Еділов: Діндарсың ба – медресеге бар, боксшысың ба – рингте басыңмен жұмыс істе!
Фото: Улысмедиа.кз
«Уақыт көрсетеді» YouTube арнасына Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, бокстан Ұлттық құраманың бұрынғы бас бапкері Тұрсынғали Еділов сұхбат берді, деп хабарлайды qandastar.kz.
Skifnews.kz ақпарат порталы жазғандай, Ұлттық құраманың бұрынғы бас бапкері Париждегі жеңілістеріміз алда үлкен жеңістерге бастайтын сабақ болар деген ойда. «Қазақ боксын көтеру үшін, бізге үлкен өзгерістер керек, мүмкін, сол үшін болып жатқан жеңілістер шығар» деген оптимистік ой да айтты.
Сонымен қатар, бас бапкер спорт пен дін мәселесін, «сақал» тақырыбында да пікір білдірді.
«Жиырма жастағы жап-жас жігіттердің бәрі сақал қойып алған. Спорт пен дін екі бөлек нәрсе. Жеңіліп қалса, Алланың қалауы солай болды деген не сөз?! Діндарсың ба, медресеге барып оқы, боксшысың ба, рингте басыңмен жұмыс істе!» – деп ашынады ол.
Одан кейін бас бапкер 2004 жылды есіне алып, Олимпиада ойындарына аккредитация ала алмай, Қырғызстан арқылы барғанын айтты.
«2004 жылы маған Олимпиадаға баруға аккредитация бермей қойды. Сосын мен Қырғызстанға бардым. Есім Құтманалиев деген Қырғыз Олимпиада комитетінің бастығына кірдім. «Аға, мен 2 алтын әперген бапкер едім, мені Олимпиадаға жібермей жатыр, аккредитация жасап бересіз бе?» – дедім. Ол кісі айтты «Әкел, паспортыңды!» деп. Сөйтіп, Қырғызстан арқылы барып көрдім, Афина Олимпиадасын. Пайдаланатын кезде – керексің, ал, кейін ешкімге қажетің жоқ», – деген бұрынғы бас бапкердің алқымына өксік тығылды.
«Мен саған осының бәрін не үшін айтып отырмын? Ел білсін, сен біл. Менен кейінгі бапкерлер екінші Тұрсынғали Еділов боп қиянат көрмесін!» деп аяқтайды сұхбатын, Сидней Олимпиадасынан Қазақстанға 2 алтын, 2 күміс алып келген бас бапкер.