Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова қазақстандықтардың жоғары пайызбен ипотека рәсімдеуін қауіпті қадам деп атады, деп жазады qandastar.kz
Оның айтуынша, 20 пайыздық мөлшерлемемен алынған ипотека азаматты ұзақ жылдарға қарызға байлап, қаржылық тәуелділікке әкеледі. «Мұндай несие ауыр жүк болады, артық төлем көлемі адамның бүкіл еңбегін жұтады. Бұл — пайда емес, салмақ», – деді ол.
Әбілқасымова қазіргі жоғары пайыздардың басты себебін инфляциямен күреспен байланыстырды. «Базалық мөлшерлеме жоғары болғандықтан, ипотекалық несие арзандамай тұр. Бұған дейін 20%-ға дейін төмендету жоспары болған, алайда жағдайға байланысты оны кейінге қалдыруға тура келді», – деп түсіндірді агенттік басшысы.
Сонымен бірге, болашақта ипотеканың пайыздық мөлшерлемесі әр адамның бастапқы жарнасына қарай белгіленбек. «Кім көбірек бастапқы төлем жасаса, соның пайыздық мөлшерлемесі төмен болады. Ал жарнасы аз болса пайыз жоғарылайды. Бұл тәсіл адамдарды асығыс шешім қабылдаудан сақтайды», – деді ол.
Агенттік сонымен қатар тәуекелі жоғары қарыз алушыларды айқындайтын жаңа жүйе енгізуді жоспарлап отыр.
Әбілқасымованың сөзімен айтқанда, 20 пайыздық ипотека – үйге емес, өмірлік қарызға жол ашатын тәуекел.



