Түркістанда полицейлер пәтер ұрлығы дерегі бойынша тосын жағдайға тап болды. Ұры пәтер иесінің келіні болып шықты, деп жазады qandastar.kz сайты Orda.kz-ке сілтеме жасап.
Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арыздана отырып, өз үйінен алтын бұйымдары мен қаражатының ұрланып жатқанын хабарлаған.
Полицейлер жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізіп, жәбірленушінің келінін де тергеген. Нәтижесінде енесінің бағалы бұйымдарын келіні қолды қылғаны анықталды. Ол биыл мамыр айынан бері үйден түрлі мөлшердегі алтын әшекейлер мен қолма-қол ақшаны жасырын түрде ұрлап келген.
Жәбірленушіге келтірілген жалпы материалдық шығын 8 500 000 теңге болған. Күдікті ұрланған алтын бұйымдарды ломбардқа өткізіп, түскен ақшаны түгелдей құмар ойындарына жұмсаған. Қазіргі таңда аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.



