Жаңалықтар

Үкімет бағаны бақылауды күшейтті: Жыл басынан бері 600-ден астам сауда нысаны тексерілді (ВИДЕО)

Жаңа жылдың алғашқы күндерінен бастап елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына бақылау күшейтілді. ҚР Сауда және интеграция министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар бірлесіп, республика көлемінде күн сайын баға мониторингін жүргізіп, 2026 жылғы 1 қаңтардан бері 600-ден астам сауда нысанын тексерді, деп жазады qandastar.kz сайты министрліктің Telegram-арнасына сілтеме жасап.

Жарияланған жазбаға сәйкес, Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтің басшылығымен әкімдік өкілдері мен Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің өкілдері «Самади» гипермаркетіне барған. Мониторинг барысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының, атап айтқанда ұн, нан, сүт, күнбағыс майы, қант, күріш және өзге де өнімдердің бағасы мен қолжетімділігі тексерілді. Сондай-ақ, тауарлардың сөрелерде болуы мен қоймадағы қор көлеміне ерекше назар аударылды.

Қызылорда облысында 2025 жылғы 31 желтоқсан мен 2026 жылдың 1 қаңтар күндері аралығында азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешевтің жетекшілігімен жүргізілді. Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, мемлекеттік кірістер департаменті, сондай-ақ «Байқоңыр» ӘКК» АҚ өкілдерінен құралған жұмыс тобы Қызылорда қаласындағы «Сыбаға», «Смолл» және «Қызылорда» сауда желілерінде тексеру жұмыстарын жүргізді.

1 қаңтарда Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов облыстық Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті мен Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшылығымен бірлесіп Орал қаласындағы ірі сауда желілерінде баға мониторингін өткізді.

6 қаңтарда Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавл қаласындағы ірі сауда нүктелерінде бірінші кезектегі азық-түлік тауарларының бағасын жеке өзі тексерді.

Өңірде бағаның өсуін тежеу мақсатында тұрақтандыру қоры жұмыс істейді. Өткен жылы оның қаржыландыру көлемі 2,9 млрд теңгені құрады, шамамен 13 мың тонна өнім сатып алынды. Бұл қала халқының үш айлық қажеттілігінің 50 пайызына тең. Қазіргі уақытта тұрақтандыру қорының қорлары шамамен 12 мың тоннаны құрайды, – деді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

Маңғыстау облысында 4 ірі сауда желісінде, 10-нан астам үй маңындағы дүкенде, сондай-ақ 4 көтерме базарда баға мониторингі жүргізілді.

Сонымен қатар, Сауда комитеті өткен жылдың қорытындысын шығарды. 2025 жылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген шекті сауда үстемесін асыру деректері бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 204-4-бабына сәйкес 2 796 әкімшілік қаулы шығарылды. Оның ішінде 55,7 млн теңгеден астам сомаға 1 625 айыппұл салынды.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button