Қаржы және төлемдер
Үкімет құн салығының үш түрін ұсынып отыр

Фото: ашық дереккөз
Қазақстан Үкіметі қосымша құн салығының сараланған мөлшерлемесін ұсынып отыр. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер бұл салықтан мүлде босатылады. Бұл туралы бүгін вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды qandastar.kz
Оның айтуынша, ҚҚС – бюджетті толықтырудың негізгі көздерінің бірі. Мемлекеттік бюджеттің 25 пайызын құрайды.
«16% базалық мөлшерлеме ұсынылады. ҚҚС мөлшерлемесін арттыру және саралау бюджеттің құбылмалы мұнай кірістеріне тәуелділігін азайтуға, Ұлттық қордың жинақ функциясын күшейтуге және басым мемлекеттік жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте біз ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді үшін қосымша құн салығынан босатуды ұсынамыз. Қазір шаруа қожалықтары ҚҚС төлемейді. Біз осыны сақтап қаламыз», — деді Жұманғарин Үкімет отырысында.
Қазір ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші заңды тұлғалар бюджетке төленуге тиіс ҚҚС-тің 30% төлейді. Жұманғарин олар енді бұл төлемнен босатылатынын атап өтті.
«Осылайша, Қазақстанда өндірілген барлық өнім (картоп, қызанақ, пияз, қырыққабат және т.б.) бәсекеге неғұрлым қабілетті болады», — деді ол.
Үкімет ұсынып отырған екінші ставка – 10% мөлшерлеме.
«Біз денсаулық сақтау саласы үшін төмендетілген мөлшерлемені ұсынамыз. Бұл ставканы тағы кімдер қолданады? Бұл мәселе қосымша талқылауды қажет етеді. Біз барлық қызмет түрі бойынша ұсыныстарды жинаймыз, есептеп санаймыз және сіздермен бірге шешеміз», — деді вице-премьер.
Осы орайда Жұманғарин неліктен 10% ұсынылып отырғанын түсіндірді.
«Бұл әкімшілендірудің күрделілігіне байланысты. Ең алдымен бизнес үшін. Мөлшерлемелер көп болған кезде бухгалтерлік есеп күрделене түседі, декларация жасау қиынға соғады. Бұған жол бермеу үшін біз 16%, 10%, 0% және салықтан босатуды ұсынамыз», — деді ол.
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет ұсынып отырған мөлшерлемелерді өңірлерде халықпен талқылауды тапсырды.
«Жалпы ұсыныстарды қолдаймыз. Осы аптада өңірлерге барып, халықтың барлық санатымен егжей-тегжейлі талқылау керек. Мен де Астанада және өңірлерге барып, талқылаулар өткіземін. Осы жұмыстың нәтижесі бойынша Салық кодексінің жобасы мен ілеспе заң жобасына түзетулерді 20 ақпанға дейін Мәжіліске енгізу керек. Ары қарай Мәжілісте талқылауды жалғастырамыз», — деді Бектенов.