
Үкімет құрылыс саласында отандық өнімнің үлесін арттыруға бағытталған жаңа қадамдарға көшті.
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында Өнеркәсіп министрлігіне және өңір әкімдіктеріне ірі құрылыс нысандарында қолданылатын материалдардың шығу тегін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Премьердің айтуынша, құрылыс саласы өнеркәсіп дамуының негізгі тіректерінің бірі саналғанымен, соңғы жылдары, әсіресе жеке инвестиция есебінен салынатын жобаларда импорттық материалдарға тәуелділік артып кеткен.
Бұл жағдай отандық өндірістің дамуына кедергі келтіруде.
«Өнеркәсіп министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, ірі нысандарды, соның ішінде жеке инвестициялар есебінен жүргізілетін құрылыс жұмыстарында отандық материалдардың үлесін тұрақты түрде қадағалап отыруды тапсырамын», — деді Олжас Бектенов.
Бұл бастама ел ішіндегі өндірісті қолдауға, жұмыс орындарын сақтауға және құрылыс нарығында қазақстандық өнімнің үлесін арттыруға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.



