Жаңалықтар
Үкімет Медсақтандыру қорына 500 млрд теңгеден астам қарыз

Үкімет Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 504 миллиард теңге көлемінде қарыз. Бұл туралы Қаржы министрлігі BAQ.KZ сайты редакциясының ресми сауалына берген жауабында айтқан.
Министрліктің ақпаратына сәйкес, «2025–2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң аясында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жалпы 2 298,6 миллиард теңге көлемінде мақсатты жарна қарастырылған.
2025 жылғы 25 маусымдағы жағдай бойынша Денсаулық сақтау министрлігінің 002 «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына мақсатты жарна» бюджеттік бағдарламасы аясында 760,8 миллиард теңге көлемінде кассалық орындалу тіркелді. Бұл ретте жылдық қаржыландыру жоспары 1 278,6 миллиард теңгені құрайды, – делінген ведомство жауабында.
Министрлік сондай-ақ 30 маусымда Қорға қосымша 13 миллиард теңгеден астам қаражат аударылғанын хабарлады.
Көрсетілген бюджеттік бағдарламаларды қаржыландыру Төлемдерді қаржыландыру жоспарына сәйкес бекітілген тәртіппен кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, – деп нақтылады Қаржы министрлігі.