ЖаңалықтарЭкономика және бизнес

Үкімет шағын бизнесті қолдаудың «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасын ұсынды

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында әсіресе моно және шағын қалаларда, сондай-ақ ауылдық жерлерде шағын және микробизнесті дамытуға бағытталған «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасы қаралды.

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, Қазақстанда 2,2 миллионнан астам шағын бизнес субъектісі бар, онда шамамен 4 миллион адам еңбек етеді. Ал «Іскер аймақ» бағдарламасы ең алдымен ауылдық жерлер мен шағын қалалардағы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, азық-түлік өндірісі, ағаш өңдеу және қолөнер секілді технологиялық жағынан қарапайым әрі тез іске асатын жобаларға басымдық беріледі. Бағдарлама үш бағыт бойынша жүзеге асырылады: қаржылық, қаржылық емес және инфрақұрылымдық шаралар.

Үкімет бизнес-қоғамдастықпен тығыз байланыста кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған жаңа салық саясатын қалыптастыруда. Отырыста бизнес жүргізу шарттарын жетілдіру және салықтық әкімшілендіруді реформалау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, салықтық әкімшілендірудің сервистік моделіне көшу жүзеге асырылуда. Кәсіпкер тіркелген сәттен бастап бүкіл қызметі кезеңінде фискалдық сүйемелдеу енгізіледі. Салық органдарының басты міндеті – қателік үшін жазалау емес, оның алдын алу.

Салық есептілігі 30 пайызға, ал салықтар мен алымдардың саны 20 пайызға қысқартылады. Бұл кәсіпкерлерге әкімшілік жүктемені азайтып, бизнесті дамытуға көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді. Тексерулер тек тәуекелдер анықталған жағдайда ғана жүргізіледі. Жоспарлы салықтық тексерулер жойылады. Микро және шағын бизнес үшін 2026 жылға дейін салықтық тексерулер мен камералдық бақылау тоқтатылады. Сонымен қатар, кәсіпкерлерге ықтимал тәуекелдер туралы алдын ала хабарлау тетігі енгізіледі.

Осы орайда, Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіпкерлікті дамытуға айрықша мән беретінін атап өтті, себебі ол халық табысының маңызды көзі болып саналады.

Кәсіпкерліктің бәсекеге қабілетті әрі қуатты болуы – экономиканың тұрақты өсуінің негізгі факторы. Жақында Мемлекет басшысы іскерлік белсенділікті ынталандыру үшін шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасын жедел қабылдауды тапсырды. Үкімет шағын және микробизнесті мақсатты қолдауға, өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып өндірісті дамытуға бағытталған кешенді құжат дайындады, – деді Олжас Бектенов.

Аталмыш бағдарламаны тиімді іске асыру үшін Олжас Бектенов бірқатар тапсырма берді:

Бірінші. Қаржы министрлігі «Іскер аймақ» бағдарламасын қаржыландыруды қамтамасыз етуі тиіс. Бағдарламаны бірлесіп қаржыландыру жергілікті бюджеттерде де көзделуі керек. Өңір әкімдіктеріне бірінші деңгейдегі субсидияларды (бюджеттің 70%-ы) бөлу үшін аудандардың ерекшелігін ескере отырып, басым салалар тізбесін жедел қалыптастыру қажет. Шағын бизнестің өндірістік инфрақұрылымға және жеңілдетілген жалға алу орындарына қолжетімділігін қамтамасыз ету керек.

Өңірлік шағын бизнесті қолдау бағдарламаларын әзірлеудің маңыздылығы атап өтілді. Мысал ретінде Алматы қаласының тәжірибесі келтірілді: биыл МСБ дамытуға жергілікті бюджеттен 25,5 млрд теңге бөлінді. Бұл шаралар шағын индустриялық парктерді дамыту және жылдық 6%-ға дейінгі жеңілдетілген несиелер беру арқылы басым бағыттарды қолдауға мүмкіндік берді. Оң тәжірибені бүкіл ел бойынша масштабтау тапсырылды.

Екінші. ЖІӨ-дегі өңдеу секторының үлесін арттыру үшін кәсіпорындардың өндірістік қуатын ұлғайтып, оларды жаңғыртуды ынталандыру қажет. Өнеркәсіп министрлігіне келесі жылдың қаңтарынан бастап өңдеу өнеркәсібіндегі өндірістік қуаттарды жаңғыртуға лизингтік қаржыландыруды іске қосу тапсырылды.
Микро және шағын бизнес 300 млн теңгеге дейін кепілсіз өндірісті жаңғырта алады. Қайта жарақтандыру өнімділікті арттырып, бәсекеге қабілеттілікті күшейтеді.

Үшінші. Қарапайым декларация режимінде жұмыс істейтін жеткізушілермен өзара іс-қимыл кезінде шығындарды шегеруге тыйым салу бизнеске алаңдаушылық тудырып отыр. Бұл – шамамен 400 мың (2024 ж. қорытындысы бойынша – 397 мың) шағын және микробизнес өкілі. Бұл санаттағы кәсіпкерлер болашағына алаңдамауы тиіс. Қаржы министрлігі оларды сервистік салықтық әкімшілендіру моделін енгізу және түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы сүйемелдеуі қажет.
Сондай-ақ, Ұлттық банкпен бірлесіп, шағын бизнес үшін салықтық есептілікті автоматты түрде толтыруды қамтамасыз ету тапсырылды. Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жалпыға бірдей салық салу режимінде жұмыс істейтін МСБ-ты қолдаудың қосымша салықтық емес шараларын әзірлеуі тиіс. Тиімді тетіктердің бірі – «Өрлеу» бағдарламасы аясында қаржыландыру критерийлерін кеңейту.

Төртінші. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «таза парақтан» салықтық әкімшілендіру жүргізіледі. Бұл шаралар микро және шағын бизнес субъектілерінің барлығына оң әсер етеді.
Нормативтік құқықтық актілерді қабылдау және ақпараттық жүйелердің дайындығын қамтамасыз ету арқылы барлық ұйымдастырушылық іс-шараларды жедел өткізу тапсырылды.

Бесінші. Бағдарлама негізінен моноқалаларда, шағын қалаларда және ауылдық жерлерде кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Шағын бизнес айналым қаражатын толықтыруға және борыштық жүктемені азайтуға мүмкіндік алады. Банктік кредиттің номиналды мөлшерлемесінің шамамен 9%-ы субсидияланады: қазіргі таңда ЕДБ-ның номиналды мөлшерлемесі 22%, субсидияланатыны – 8,8%. Жалпы, бағдарламаның барлық жаңалықтары мен ережелері кәсіпкерлік субъектілеріне түсінікті түрде жеткізіліп, әдістемелік ұсынымдар әзірленіп, БАҚ пен әлеуметтік желілерде кеңінен таратылуы тиіс.

Үкімет цифрлық платформаларды дамытуды, әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуді, инклюзивтілікті қолдауды және шағын бизнесті орнықты өсуге қажетті құралдармен қамтамасыз етуді жалғастырады.
Үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жүктелді.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button