ЖаңалықтарЭкономика және бизнес

Үкімет жалақыны есептеу жүйесін реформалайды. Не өзгереді?

Қазақстан Үкіметі ең төменгі жалақыны есептеудің қазіргі ескірген жүйесін өзгертуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Сенатта өткен брифингте Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды qandastar.kz

Министрдің айтуынша, қазіргі есептеу тәсілі нақты әрі тұрақты механизмге сүйенбейді, сондықтан айлықты науқандық емес, жоспарлы түрде көтеру маңызды. Жұманғарин ең төменгі жалақыны белгілеуде халықаралық тәжірибеге сүйену мүмкін екенін атап өтті.

«Бізде орташа жалақы бар және медиандық жалақы деген ұғым бар. Кейбір сарапшылар ең төменгі жалақыны медиандық жалақының 45–50 пайызы көлемінде белгілеу керек деп есептейді. Біз осы тәсілдердің бәрін пысықтап, бір тоқтамға келуіміз қажет. Бұл тұрақты, жоспарлы негізде жүзеге асуы тиіс», – деді Серік Жұманғарин.

Алайда, жаңа жүйені енгізу үшін алдымен мемлекет қазынасын ретке келтіру қажет. Үкімет бюджет кірісін арттырып, тиімсіз шығындарды қысқартуды көздеп отыр.

Жалақыны есептеудің жаңа жүйесі жақын арада енгізілмейді. Министрдің сөзіне қарағанда, алдымен 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында салық және бюджет реформаларының іске асуын бақылау жоспарланған. Содан кейін ғана, 2027–2029 жылдарға арналған бюджетті жоспарлау кезінде ең төменгі жалақы мәселесі қайта қаралады. Яғни, нақты өзгерістерді кем дегенде тағы екі жыл күтуге тура келеді.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button