Мемлекет басшысының бюджет тәртібін күшейту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Үкімет әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне талдау жүргізді. Нәтижесінде жеке медициналық ұйымдарды қаржыландыру барысында көптеген заңбұзушылық анықталған. Бұл туралы Qandastar.kz ҚР Үкіметінің ресми Теlegram-арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
2025 жылғы 18 желтоқсанда Премьер-министр Олжас Бектенов Қаржы министрлігіне Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) қызметін кешенді түрде талдауды тапсырған.
Қаржы министрі Мәди Такиевтің мәліметінше, медициналық қызметтерге бөлінетін қаражат көлемі жыл сайын артып келе жатқанымен, қордың тиімділігі жоғарыламай отыр. 2026 жылы бұл мақсаттарға 2,4 трлн теңге қарастырылған. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 1 трлн теңгеге артық.
Мәселен, балаларға арналған дәрілік заттарды жүйелі түрде жалған тіркеудің 68 717 жағдайы нақтыланып отыр. Жетісу облысында диксимид препараты бойынша екі балаға 126 мың жазба тіркелген, яғни әрқайсысына 63 мың реттен есептен шығарылған.



