Әлеумет және қоғам
Үкіметте ауыл шаруашылығын дамыту мәселесі қаралды

Фото: Үкімет
Премьер-министр Олжас Бектенов отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесу өткізді. Онда агроөнеркәсіп кешенін дамытудың өзекті мәселелері, көктемгі дала жұмыстарының барысы, шаруаларды қолдау шаралары, сондай-ақ қосымша пысықтауды қажет ететін өзара іс-қимыл бағыттары талқыланды, деп жазды qandastar.kz
Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай отырысында алға қойған міндетіне сәйкес, алдағы бес жылда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы өндірісін екі есе арттырудың келешегі қаралды.
Кездесу басында сөз алған Олжас Бектенов Үкімет аграрлық секторға белсенді түрде қолдау көрсетіп отырғанын атап өтті.
«Президент қолдауының арқасында ауыл шаруашылығына ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысы атап өткендей, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі өзінің құндылығын ешқашан жоймайды.
Біздің жағдайымызда жеңілдетілген қаржыландыру үшін 700 млрд теңге табу оңай емес, алайда, біз мұны іске асырып жатырмыз және қолдаудың бұл түрін одан әрі арттыра береміз. Қазіргі қолданыстағы тетіктердің барлығы жалғасын табады. Нәтижесі де жоғары болып, біз бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығын құра аламыз деген сенім бар»,— деп атап өтті Премьер-министр.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров шаруаларды қолдау шараларын кеңейту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады:
- егіс науқанын жеңілдікпен қаржыландыру көлемі өткен жылы 580 млрд теңгеге дейін және несиелеуді мерзімінен бұрын іске қосу арқылы биыл рекордтық 700 млрд теңгеге дейін артты (бұрын қаржыландыру 140 млрд теңгеден аспаған). Алғаш рет көктемгі дала жұмыстарында қарыз сомасының 85%-на дейін кепілдендірудің арнайы бағдарламасы енгізілді;
- бір жыл ішінде қаржыландыру көлемін 80 млрд теңгеге ұлғайту арқылы 5%-бен 200 млрд теңгеге дейін жеткізу ауыл шаруашылығы техникасы лизингінің қолжетімділігі артты, бұл ретте техниканың өзі – кепіл, ал жарна инвестициялық субсидия бола алады;
- азық-түлік корпорациясына форвардтық сатып алуларға 30 млрд теңге, географияны кеңейту үшін экспорттық шығыстарды субсидиялауға 40 млрд теңге бөлінді;
- қайта өңдеу кәсіпорындарына айналым қаражатын толықтыру үшін несие беру өткен жылдан басталды. Несиелеу көлемі 35 млрд теңгені құрайды. Биыл бұл мақсаттарға 48 млрд теңге бөлу міндеті тұр. Айналым мақсаттары үшін жеңілдікті несиелер қайта өңдеуді жүктеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Үкімет ауыл тұрғындарын жыл бойы жұмыспен қамтамасыз ететін сала ретінде мал шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Осылайша, мал бордақылау алаңдары үшін қолдау құралдары әзірленуде, жеңілдікпен несие беру және субсидиялардың жеңіл әкімшілендірілетін түрлерінің пайдасына селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты субсидиялау қайта қаралады.