Жаңалықтар
Үкіметтің кеңейтілген отырысында қандай мәселелер көтеріледі? – белгілі саясаттанушы пікір білдірді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен 2025 жылғы 28 қаңтарда үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Осы орайда, кеңейтілген отырыста қандай мәселелер көтерілуі мүмкін деген сұрақпен Skifnews.kz ақпарат порталы білгілі саясаттанушы, Қазбек Майгельдиновтың пікірін білді, деп жазды qandastar.kz
Ақорданың хабарлауынша, отырыс барысында еліміздің былтырғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары шығарылып, Үкіметтің алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттері айқындалады.
Сонымен қатар премьер-министр Олжас Бектенов, ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов және бірқатар өңірдің әкімдері баяндама жасайды.
Саясаттанушы Қазбек Майгельдиновтың айтуынша, сейсенбі күні өтетін Үкіметтің кеңейтілген отырысы біріншіден 2024 жылдың қорытындыларын анықтайтын болады.
«Көтерілетін тақырыптарға келетін болсақ, біріншісі Қазақстанның экономикасында мұнай тәуелділігінің зардаптарына түсіп қалмау. Кеше Трамптың ОПЕК елдерімен кездесуінде, Давоста болған мәлімдемесінде мұнай бағасын 45 долларға дейін түсіру мүмкіндігін айтып отыр. Біздің бюджет алдағы 3 жылда 75 доллар мөлшерінде салынған. Яғни, өндіріс орындарын ашу сияқты экономикалық әртараптандыру мәселесін қарастыра керек.
Екінші мәселе, қазіргі таңда экономикада шағын және орта бизнес мәселесін көтеріп, үлесін арттыру керек. Өйткені бұл экономиканың басты қозғалтқыш күші деп айтуға болады. Десек те, әлеуметтік желіде қосымша құн салығын 20 пайызға дейін көтеру мәселесі қатты талқыланып жатыр. Бұл шағын және орта бизнеске зардап келтіретін нәрсе. Сондықтан осы мәселені де қарастыру керек.
Үшінші бір мәселе, ол – аймақтар мәселесі. Аймақтардағы инфрақұрылымдық дамуына инвестиция тарту. Облыс әкімдері өз есептерінде айта жатар, бірақ алдағы уақытта аймақтар арасындағы теңсіздік мәселесін шешу керек. Өйткені, біздің елде бір аймақтардың дамуы жоғары деңгейде, екінші аймақ донор болып отыр оған, үшінші аймақ артта қалып отыр деген сияқты. Бұл мәселені жалпы ортақ бір жоспар құрумен ғана шешуге болады.
Соңғы бір маңызды мәселе бар, ол – инфляция мәселесі. 2024 жылы инфляция өте жоғары болды. Қазір АҚШ әрекеттеріне орай, алдағы уақытта тіптен құлдырауы мүмкін. Ресей рублі құлдыраса, теңгемізді ұстап тұру да қиын болады. Нәтижесінде, бізде ақша-несие саясатын қайта қарау мәселесі қарастырылу керек. Өйткені, бұл халықтың әл-ауқаты, сатып алу мүмкіндігі соған тікелей әсер етеді», – деп пікір білдірді ол.