Қазақстанда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне қатысты ірі мемлекеттік сатып алу қоғам назарын аударды, деп жазады qandastar.kz сайты kznews.kz-ке сілтеме жасап.
Басылымның мәліметінше, қызметтік иттерге арналған құрғақ жем сатып алуға шамамен 3 миллиард теңге қарастырылған. Бұл деректерді ProTenge Telegram-арнасы мемлекеттік сатып алу порталына жарияланған ақпарат негізінде анықтаған. Миллиардтаған қаржы көлемі әлеуметтік желілер мен қоғамдық кеңістікте қызу талқыға түсті.
Ашық дереккөздерге сәйкес, аталған сатып алуға 127 компания қатысуға дайын екені көрсетілген. Алайда нақты қандай баға ұсынылғаны, келісімшарттың қорытынды сомасы мен үнем көлемі туралы мәліметтер жарияланбаған. Сонымен қатар, Шекара қызметінде нақты қанша қызметтік ит бар екені де ашық көрсетілмеген.
Айта кету керек, ҰҚК-ге қатысты мемлекеттік сатып алулардың басым бөлігінде техникалық сипаттамалар мен нақты есептер ашық базада жария етілмейді. Көп жағдайда техникалық тапсырманың орнына «қызметтік ақпаратты жария етпеу туралы міндеттеме» ғана орналастырылады. Осыған байланысты сатып алудың тиімділігі мен негізділігін тәуелсіз түрде бағалау мүмкін болмай отыр.
Ашық ақпараттарға сүйенсек, қызметтік иттер арнайы міндеттерді орындауына байланысты жоғары белокты, сапалы және арнайы рационмен қоректенуі тиіс. Мұндай жағдайда бір иттің жылдық азық-түлік шығыны 230 мыңнан 730 мың теңгеге дейін, ал премиум немесе арнаулы диета кезінде 1 миллион теңгеге дейін немесе одан да жоғары болуы мүмкін.
Әлеуметтік желілерде азаматтар бұл сомаға күмәнмен қарап, шығындардың мөлшеріне қатысты сұрақтар көтеруде. Кейбір пікір иелері қоғамдағы әлеуметтік жағдайды алға тартып, мұндай шығындардың ашық әрі түсінікті есеппен негізделуі қажет екенін айтуда. Дегенмен, бұл пікірлер ресми деректермен расталмаған болжамдар екенін атап өткен жөн.
Қазіргі таңда уәкілетті органдар тарапынан қызметтік иттер саны, азықтандыру нормалары мен жалпы шығын құрылымына қатысты ресми түсіндірме берілген жоқ.



