Қоғам белсендісі Алма Төлебаева «Транстелеком» компаниясының 75 пайыз акциясын сату мәселесі Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі ескеріліп жүзеге асырылуы тиіс деп есептейді. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Алма Төлебаеваның айтуынша, «Транстелеком» компаниясы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының операциялық қызметіне тікелей қатысады. Сонымен қатар ол «Қазатомөнеркәсіптің» «Цифрлық кеніш» жобасына және елдегі ауылдық аймақтарда байланыс инфрақұрылымын дамытуға атсалысып келеді.
Белсендінің пікірінше, компания қызметі елдегі бірнеше бағыттағы сыни инфрақұрылыммен тығыз байланысты болғандықтан, мәміле Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бақылауында болуы қажет.
«Жеке өзім бұл мәміленің ел үшін соңы жақсылықпен аяқтала ма деп алаңдаймын. Бұған дейін Назарбаевтар мен Әлиевтердің “тайғанақ алақандарында” болған стратегиялық активтердің енді Тимур Турловтың қолына шоғырлануы маған ұнамайды. Турлов пен “Freedom Holding”, оның ішінде “Freedom Telecom” айналасындағы даулар бізге жеткілікті болды», – деп жазды Алма Төлебаева Facebook желісінде.
Айта кетейік, бұған дейін Тимур Турловтың бизнес-құрылымдары «Транстелеком» АҚ-ны сатып алуды жоспарлап отырғаны хабарланған. Компанияның бұрынғы тең иелерінің қатарында Нұрали Әлиев болса, қазіргі үлескерлердің бірі – Галимжан Есенов. Тараптар мәміленің негізгі шарттарын келіскен, қазір мемлекеттік реттеуші органдардың мақұлдауын алу кезеңіне өткен.



